Адамдардың салғырттығынан құрғақ шөп пен қоқыс өртеніп жатыр – Алматы ТЖД

22 Шілде 2020, 09:42
1623
Бөлісу:
Адамдардың салғырттығынан құрғақ шөп пен қоқыс өртеніп жатыр – Алматы ТЖД

Алматы, BAQ.KZ. 101 пультіне құрғақ шөптердің жануы туралы бірнеше шұғыл қоңырау келіп түсуде. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД хабарлады.

"Жол жиегінде шөп жанып жатыр. Мен өзім сөндіре алмаймын. Өрттің үйге таралу қаупі бар, тез жетіңіздер...", "Көмектесіңіздер, жол бойындағы жолақтан өрт менің қоршауыма жақындап келеді" - бір тәулік ішінде 101 пультіне  құрғақ шөптердің жануы туралы бірнеше рет осындай шұғыл қоңырау келіп түседі. Өрт көбіне Алатау ауданында болады,- делінген хабарламада.

 Алатау аудандық ТЖБ қызметкерлері өздерінің Instagram-парақшаларында тұрғындарға 20 шілде күні сағат 12 сағат 32 минутта "Томирис" шағын ауданында 5000 шаршы метр алаңда құрғақ шөп жанып жатқанын, оның тұрғын үйлерге жайылу қаупі бар екендігін ескертті. 
Өртті  25 өрт сөндіруші және 5 техника сөндірді. Дәл осы күні Медеу ауданының Құлжа трактіндегі жанған құрғақ шөптің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрады. 21 шілде күні өрт сөндірушілер Алатау және Наурызбай аудандарында жалпы аумағы 600 шаршы метрден асатын үш өрттің алдын алды, - делінген хабарламада.
Бір тәулікте орта есеппен 6-7 рет өртенген құрғақ шөптер мен қоқыстар сөндіріледі екен. Жыл басынан бері 21 шілдеге дейін Алматы қаласы ТЖ департаменті құрғақ шөптердің 280 жану оқиғасын тіркеген. Статистика бойынша осындай өрттердің 90%-дан астамы адам факторымен пайда болатынын көрсетеді. Құрғақ шөптерді әдейі қасақана өртейтіндер айрықша қауіп төндіреді. Мысалы, кейбір жауапсыз адамдар мен бағбандар жақын маңдағы аумақты ретке келтіру үшін шабылмаған, ыстық күннен құрғаған шөп пен қоқысты әдейі жағады. Кейбіреулері білместікпен немесе қасақана құрғақ шөптерге темекі қалдықтарын лақтырады, өртенген шөптен гараждар мен автокөліктер, сондай-ақ, тұрғын үйлер мен саяжай елді мекені тұтастай өртеніп кетуі мүмкін екендігін ойламайды, - делінген хабарламада.    

Мегаполистің Алатау, Бостандық, Наурызбай, Медеу және Түрксіб аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп, өртке қарсы шабу, минералдандырылған жолақтар жасау және шөп шабу жұмыстары жүргізіліпті. ТЖ департаментінде күштер мен құралдардың дайындығы үшін табиғи өрттерді сөндіруге  жеке құрамнан 300-ден астам адам, өтімділігі жоғары 23 бірлік өрт сөндіру техникасы, 53 мотопомпа, 500 ранцты өрт сөндіргіш, 500 күрек және 156 жарылғыш заттан тұратын шұғыл әрекет етудің жиынтық жасағы құрылған.

 Алматы қаласы ТЖ департаменті қала тұрғындарына, сондай-ақ, оңтүстік астананың қонақтарына, шөптерді жағып, өрттің шығуына кінәлі деп танылған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке, ал ауыр зардаптар болған жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.



Өзгелердің жаңалығы