Әбішевтің адвокаты: Желідегі белсенділікті сотқа қысым деп ойламаймын

12 Қыркүйек 2019, 15:37
2126
Бөлісу:
Әбішевтің адвокаты: Желідегі белсенділікті сотқа қысым деп ойламаймын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевтің ісіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті.

Тергеу изоляторында отырған Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспан бұл істің мән-жайын түсіндірді.

«Бұған дейін «Әбішев осы қызметінде болған кезде 300 млрд теңге, одан кейін 1 трлн теңге ақшаны үнемдеді» деген әңгіме айтылып келе жатыр. Шын мәнінде, үнемдеген жоқ. Ол  ұрлауға жол бермеді. Ол кісі пара алып жатқан сәтінде ұсталған жоқ. Оның пара алған сәті болған емес», - деді Абзал Құспан.

Адвокат миллиардтаған қаражаттың қалай үнемделгенін де айтып берді.

«Ислам Әбішев кезінде өзіне ұсынылған 2 млрд теңге парадан бас тартқанын айтты. Ал енді 60 млн теңге ақшаны танымайтын біреуден алуға оқталды деген айыппен қазір түрмеде отыр», - деді Абзал Құспан.

Бұған қоса, адвокат Әбішевтің ісіне қатысты әлеуметтік желіде жүріп жатқан ақпараттық науқан жайлы да атап өтті. Абзал Құспан «бұл сотқа қысым болмай ма?» деген сұраққа жауап берді.

«Ол экономист ретінде бюджет қаражаттарын есептеп отыр. Ол сотқа қандай да бір қысым болып табылмайды», - деді Абзал Құспан.

Баспасөз мәслихатына адвокат Ерлан Мәкенов пен жазушы Дулат Исабеков қатысты. Дулат Исабеков Әбішевке қолдау білдіріп, Алматыдан арнайы келгенін айтты.

Атап өтсек, Ислам Әбішев 2012 жылы ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. 2013 жылдың шілдесінде қызметінен аластатылды. 2014 жылдың шілдесінде қайтадан комитет төрағасы қызметіне келді. Ал 2019 жылғы 14 наурызда Әбішевті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері тұтқындады.

Өзгелердің жаңалығы