Əбдіқалықова: Жастар инновациялардың жаршысы болу керек

23 Мамыр 2019, 11:05
2224
Бөлісу:
Əбдіқалықова: Жастар инновациялардың жаршысы болу керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Астана" халықаралық қаржы орталығында "Инновациялық экономикаға арналған кәсіпкерлік білім" атты III халықаралық форум өтіп жатыр.

Іс-шараны Премьер-министр орынбасары Гүлшара Əбдіқалықова ашты.

"Бүгінгі форум ерекше. Өйткені ол Жастар жылында өтіп жатыр. Бәрімізге белгілі, жастар ең алдымен инновациялардың, жаңалықтардың жаршысы болу керек. Бізге қарқынды нарықтық экономика негізі ретінде кəсіпкерлік секторды дамыту қажет. Елімізге шағын жəне орта бизнес үлесін арттыру керек. Осы мақсатқа жету жолында жоғары оқу орындарының рөлі артып келеді. Бүгінгі күні жоғары оқу орны – білім беру орталығы, зерттеу алаңы ғана емес, өңірлік даму драйвері жəне экономикалық қызметке арналған платформа. Осы бағытта 20 ЖОО сəтті жұмыс жасайды. Олар Кəсіпкерлік білім беру қауымдастығының мүшесі", - деді Гүлшара Əбдіқалықова.

Премьер-министр орынбасарының айтуынша, елімізде кəсіпкерлікпен айналысуға қажетті жағдай жасалған. Бизнес инкубаторлар дамып жатыр жəне ЖОО-ларда сапалы стартаптарды көбейтуге мүмкіндік бар.

Форумның мақсаты – әлемдегі кәсіпкерлік білім берудің озық тәжірибелері туралы пікір алмасу, ұқсас білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері мен осы саладағы үрдістерді талқылау.

Кешеден бері өтіп жатқан шарада белгілі халықаралық жəне қазақстандық сарапшылар, бизнес жəне академиялық қауымдастықтар, мемлекеттік басқару органдары, ҮЕҰ басшылары мен өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар мен пленарлық отырыстар ұйымдастырылуда.   

Форумға 8 мемлекеттің өкілі қатысуда əрі іс-шара барысында барлығы 35 сарапшы түрлі форматта дəріс өткізбек.

Өзгелердің жаңалығы