Әбдіқалықова үлескерлер арасындағы мәселелерді байыппен шешуге шақырды

15 Ақпан 2022, 09:01
1273
Бөлісу:
Әбдіқалықова  үлескерлер арасындағы мәселелерді байыппен шешуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы уақытта жер телімдерін иелену мәселелері бойынша Сырдария ауданындағы «Шаған жер» ЖШС шаруалары арасында өзара түсінбеушіліктер туындап, даулы мәселелерге ұласты. 

Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Екі тарап арасындағы ортақ мәселелерді шешу мақсатында бірнеше рет кездесулер өткізіліп, облыс әкімдігі тарапынан тиісті түсіндірмелер де жүргізілген. Дегенмен, мәселе оң шешімін таппады.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Шаған жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі шаруалармен кездесіп, талабын тыңдап, заң аясында ортақ мәмілеге келуге шақырды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, құқық қорғау органдарының басшылары және аудан әкімі Мұрат Ергешбаев пен салалық басқарма басшылары қатысты.

Аймақ басшысы серіктестіктің ішінде орын алған дау-дамай бірнеше жыл қатарынан көтеріліп, біраз ағайынның арасына жік түскенін атап өтті және мәселені байыппен, қызбалыққа салмай шешім қабылдауға шақырды.

Біз үшін ең маңыздысы – ағайынның ынтымақ-бірлігі. Өздеріңіз білесіздер, әкімдік шаруалардың ішкі мәселелеріне, шешім қабылдау процесіне араласпайды, тек түсініктеме жүргізіп, медиация тәртібімен шешу жолын ұсынамыз. Дегенмен, бүгінгі таңда үлескерлер бөлінген жер телімдеріне қанағаттанбай, бір-бірімен келісімге келе алмай отыр. Сондықтан қазіргідей қиын жағдайда тартысқа берілу орынсыз. Егін егу уақыты жақындаған тұста аяқ су тапшылығынан тиімді түрде шығу үшін бірігіп әрекет етуіміз қажет. Тағы бір мәрте ойланып, барлығын әділетті түрде келісуге шақырамын, - деді облыс әкімі.

Жиында қос тараптың азаматтары сөз алып, мәселелерін ортаға салды. Серіктестік басшысы Жеңісбек Сыздықов пен үлескер Серікбол Орынбаев өзара түсінбестіктің салдарын жеке-жеке айтып, өз ұстанымдарын білдірді. Сондай-ақ, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов серіктестік өкілдеріне өзара келісімге келіп, дауларын заң аясында реттеуге шақырды.

Кездесу соңында облыс әкімі ел игілігі үшін ортақ шешімге келудің маңызды екенін және әділетті қадамдар арқылы орнықты шешім қабылдау қажет екенін еске салды. 

Өзгелердің жаңалығы