Абайлықтар Президент тапсырмаларын қуана қолдап отыр

1 Қазан 2022, 12:15
1341
Бөлісу:
Абайлықтар Президент тапсырмаларын қуана қолдап отыр

Абайлықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңадан құрылған облысты жан-жақты дамытуға бағытталған ауқымды тапсырмаларына қызу қолдау білдіріп отыр деп хабарлайды BAQ.KZ-тің осы өңірдегі тілшісі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жасаған іссапары аясында бірқатар игі бастамалар көтерді. Атап айтсақ, шаһарға заманауи және экологиялық талаптарға сай келетін жылу-энергия орталығын салу, бұрынғы ядролық сынақ полигоны аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, жаңа кен орындарын табу, жапондық аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізу және басқа да маңызды тапсырмалар берілді. 

Олар жергілікті жұртшылық тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Қоғам белсендісі Әділ Сайлаубектің пікірінше, биыл ғана қайтадан облыс болып құрылған өңір алдағы уақытта қарқынды дамуы тиіс. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті өте зор. 

Наурыз айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы бұрынғы Семей облысын қалпына келтіріп, жаңа әкімшілік бірлікті «Абай облысы» деп атау жөнінде тапсырма бергенде қуанбаған адам жоқ шығар. Алаш астанасы саналатын Семей қаласы да облыс орталығы мәртебесіне ие болып, даму мүмкіндіктері кеңейе түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа дәреже алған қалаға алғаш келген сапарында ел көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілу жолдарын көрсетті. Қуантарлығы сол, өңірде жаңадан мектептер мен балабақшалар салынатын болды. 9 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейтінін ескерсек, бұл білім саласының дамуына үлкен ықпалын тигізбек, – дейді Әділ Сайлаубек.

Расында да, облыс дәрежесінен айырылған кейінгі 25 жылда Семейдің тоз-тозы шыққан-ды. Қаланың жылу мәселесі бүкіл елімізге аян. Енді, жазда ыстық суға, қыста жылуға жарымай келген шаһардың заманауи жылу орталығы болады. 

Абай облысы – Ресей мен Қытайдың арасында жатқан өңір. Тарнзиттік әлеуетті ұтымды пайдалансақ, табыс табуға болады. Ол үшін Бақты кеден бекеті бағытында темір жол төсеу көзделуде. Ертіс өзені арқылы өтетін екі бірдей салынады.    

Президент өз сапарында ауқымды жобалардың қолға алынатынын айтып жергілікті тұрғындардың болашаққа деген сенімін одан әрі нығайта түсті. Сынақ полигонына тиесілі үлкен аумақта геологиялық барлау жүргізіліп, нәтижесінде жер астындағы пайдалы қазбаларды игеру басталады. Жаңадан ашылатын өндіріс орындарының адамдарды жұмыспен қамтып, өңір қазынасына қаржы құяры да сөзсіз, – деп ойын жетікізді қоғам белсендісі.

Мемлекет басшысы осы сапарында атап өткендей «Семей – ұлағатты өлке, Алаш арыстарының ізі қалған, зиялыларымыз ел болашағы үшін күрескен қастерлі өңір». Облысты қайта құру арқылы тарихи әділдік салтанат құрды. Жаңадан құрылған облысқа осы жердің перзенті – ұлы ақынға құрмет белгісі ретінде Абай атауы берілді. Ендігі міндет – абайлықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Президент міндеттеген қадау-қадау тапсырмалар осыған бағытталған. 

Өзгелердің жаңалығы