Абайлық зиялылар Президент пікірін қолдап отыр

3 Қазан 2022, 09:33
1715
Бөлісу:
Абайлық зиялылар Президент пікірін қолдап отыр
Фото: автордан

Абайлық зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының елдік мүдде мен жастар тәрбиесіне қатысты білдірген ой-пікірін құптап, қолдау білдіріп отыр деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен кездесуі барысында елдік мүдде, жастар тәрбиесіне көп көңіл бөліп, қоғамдағы алаңдаушылық тудырып отырған бірқатар жағымсыз әдеттерге – адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сенімінің азайып бара жатқанына назар аудартты. Зиялы қауым өкілдерін жастар арасындағы бауырмалдық пен шынайы сыйластықты дәріптеуге үндеді.

Расында да адамдар арасында өзара құрмет және өзара сенім сынды құнды қасиеттер жоғалып барады. Бұл – қауіпті құбылыс. Жастар бойындағы қатігездік, өшпенділік, немқұрайлық пен енжарлық – қоғамды құрдымға кетіретін әдеттер. Ел болайық десек, алдымен, жастарды адамгершілікке баулуымыз керек, – дейді М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Шағангүл Жанаева.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай жұртшылығымен жүздесуі барысында 25 жылдан кейін қайта құрылған облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін нақты жобалардың тікелей республикалық бюджеттен қаржыландыру арқылы жүзеге асатынын атап айтты. 

Жиында Абай облысының көлік-логистикалық, сауда-экономикалық әлеуетін толыққанды пайдалану қажеттігін баса айтқан Президент өңірді өркендетуге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалатынын атап көрсетті. Тоғыз жолдың торабында орналасқан аймақтың гүлденуі үшін халықаралық транзиттік сауданың қарқынды дамуы маңызды роль атқаратынына назар аудартты, – дейді ғалым.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аймақты дамытудың басым бағыттары мен әлі де шешімін табуға тиіс мәселелерге тоқталған-ды.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігі мәселесін көтерді, қазір Абай облысында 9 мыңдай балаға мектептерде орын жоқ, сыныптардағы оқушылар саны нормадан асады. Алдағы уақытта 11 мектеп, 14 балабақша салынғанымен орын тапшылығы проблемасы жойыла қоймас. Сол себепті Президент бұл мәселені жуық арада түпкілікті шешуді тапсырды, – дейді ұстаз.

Атап өтерлігі, Мемлекет басшысының өңірдің білім саласын, әсіресе жоғары оқу орындарын дамыту бағытындағы пікірі жұрт көңілінен шығып отыр. Медицина университетінің жанынан көпбейінді аурухана салу, Батыстағы озық университеттердің бірінің Семей қаласында филиалын ашу туралы бастамасы да сала мамандары тарапынан кеңінен қолдау табуда. 

Президентіміздің ядролық сынақтардан зардап шеккен аймақ тұрғындарының денсаулығын оңалту бағытындағы жоспарлы жұмыстарға атқару туралы тапсырмасы – абайлықтар үшін жасалып жатқан ізгі қадам. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы осы сапарында Семейдегі екі көпірді жөндеп, өңірдегі тозығы жеткен жолдарды қалпына келтіруді міндеттеді. Осы ауқымды істердің орындаларына, абайлықтар тұрмысының жақсара түсеріне сенеміз. Президенттің осы сапарынан кейін өңір жұртшылығы бір серпіліп, қанаттанып қалды десем, артық айтқандық емес. 

Ел Президентінің осы сапарында айтқан: «Отаншылдық құр сөзден емес, нақты істен көрінеді» деген сөзі әр адамның жадында жатталып, ұстанымына айналуы тиіс деп ойлаймын. Жоспарланған ауқымды жобалардың құр сөз жүзінде қалмай, нақты жүзеге асарына кәміл сенеміз. Жаңа Қазақстанды – Әділдетті Қазақстанды құруға бар күш-жігерімізді салуға әзірміз! – деп өз ойымен бөліседі Шағангүл Алдамжарқызы.

 

Өзгелердің жаңалығы