Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 10 тамыз ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туған күні. Биыл ақынның туғанына 175 жыл толуына орай республика көлемінде және ТМД халықаралық бағдарламалар шеңберінде жыл басынан бері қаншама іс-шаралар атқарылып келеді. Соның бір парасы қасиетті Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде де атап өтілді. Осыған орай, белгілі дінтанушы, Ясауи ғылыми зерттеу орталығының директоры, профессор Досай Кенжетайдан кішігірім сұхбат алған болатынбыз.
– Досай Тұрсынбайұлы, ең алғаш Абайды қалай, қай жасыңызда танып білдіңіз? Ал қазіргі Абай қалай екен? Айырмашылық бар ма өз танымыңызда?
– Ең алғаш Абайды "Ғылым таппай мақтанба" деген өлеңін жаттау арқылы мектепке келгеннен бастап тани бастадым. Кейін бүкіл өлеңдерін жатқа айтатын болдым. Сосын "Қара сөздері". Бүгінде Абайдың діни теологиялық философиялық астары мен мәніне үңіліп келемін. Абай – мұхит. Оны өмір бойы меңгеруіміз керек сияқты. Қазір "Абайдың махаббат философиясы" деген монографиямды аяқтап қалдым. Алғашқы "Абайыммен бүгінгі Абайымның" арасында жер мен көктей айырмашылық бар.
– Осы заманда Абай сияқты тұлғалар, даналар шығуы мүмкін бе әлде шығып қойды ма?
– Әрине әр заманның өз "Абайы" болуы міндетті. Айырмашылық уақытта болуы тиіс. Онсыз мәдениет те, қоғам да, сана да, құндылық та тіршілік ете алмайды. Біздің бүгінгі Абай мұрасына деген ұмтылысымыз да, сұранысымыз да осыны айғақтайды.
– Абай тұлғасы мен шығармашылығы жыл сайын насихатталып, айтылып жатады. Талданады, түрлі дау-дамайларға да арқау болып жатады. Біз Абайды тым асыра бағалап, қалған тұлғаларымыздың насихатын азайтып алған жоқпыз ба?
– Біз мәдениеттік, өркениеттік негізі бар елміз. Мемлекетіміз де бар. Ұлттық құндылықтары айқын, ерекшеліктері мен тәжірибесі үздіксіз сабақтасып келе жатқан халықпыз. Бізде қаншама ойшыл ғұлама, моралист философтарымыз бар. Бірақ Абайдың орны бір бөлек. Басқаларды да Абайдан кем көрмейміз, ардақтаймыз, сүйеміз. Ал Абайдың жөні бір басқа. Абай кешегі кеңестік ұлтсыздану нәубетінен аман алып қалған рухани құндылық іспетті тұғырымыз. Кешегі Мұхтарлар осыны дөп басты.
– Абайдың заманында өмір сүрген болсаңыз не істер едіңіз?
– Абайдың заманында тіршілік еткен болсам, Абайдың қасынан табылып, өзімді соның жолына арнаған болар ма едім деген ой келеді.
– Жалпы, осындай ұлы тұлғалардың пәленше жылдығы деп атап өтудің қаншалықты берері бар деп ойлайсыз?
– Рас, жылдық даталық тойлау немесе науқаншылдыққа жаным қас. Абай әр күні, әр сәтте, әр хәлде қазақтың қойын дәптеріндей жанынан қалмауы тиіс құндылық.
– Жақында Абай туралы атышулы мақала шықты. Оған не айтасыз?
– Ол мақсатты түрде жазылған бір сынақ еді. Менің айтпағым, қазақ рухани әлемі ол сатыдан өтіп кеткен. Абай құндылыққа айналған. Оны ендігі жерде ешкім өзгерте алмайды. Десе де Абайтануда әлі де зерттеліп, зерделенбей келе жатқан мәселелер баршылық. Бәріне ғылыми таным ғана нақты жауабын береді.
– Өзіңіз еңбек етіп отырған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қандай іс-шаралар атқарылды?
– Абайдың 175 жылдығына орай университетімізде сәуір айында халықаралық ғылыми мәжіліс ұйымдастырдық. Карантинге байланысты мәжіліс онлайн форматта өтті. Шет елден екі профессор қатысты. Оның бірі Ж.Томар конференцияда құнды ойларымен бөлісті. Ал өз елімізден абайтану алыптары Мекемтас Мырзахметов, Ғарифолла Есім, Мақсат Әліпхан, Жабал Шойынбет және т.б ғалымдар қатыстып баяндама жасады.
– Шарада Абайды таныту барысында қандай мәселелерге басымдық бердіңіздер?
– Конференция барысында Абайдың "Қара сөздері" мен ойлау жүйесіне басты назар аударылды. Ондағы діни философиялық және моральдық-этикалық тұжырымдарына сараптама жасалды.
– Студент жастардың Абайды қалай танығанын қалайсыз?
– Кешегі кеңестік кезеңде Абайтану методологиясы мен ұстанымдары идеологиялық тенденцияға берілді. Ол дәуірдің қажеттілігі солай болды. Енді жастарымыз Абайды өз мұрасы негізінде өркениеттік, мәдени, діни тұғырларымен сол қалпында таныса, арши білсе деген тілегім бар.