Семейде соғысқа қатысқан үш ардагер қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абдығали Қаймолдин, Григорий Маларов және Иван Шевцов биыл жеңістің 80 жылдығын қарсы алады. Жастықтарын оқ пен оттың арасында өткізген батырлар биылғы салтанатты шеруді күтіп жүр.
Майдангерлердің ең үлкені Әбдіғали Қаймолдин 103 жаста. 1921 жылы Абыралы ауданында туған. Жиырма жасында соғыс даласына аттанған ол, Сталинград, 1-інші Украина, 3-інші Балтық майдандарында шайқасқан. Қаһарман қария І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Қызыл жұлдыз» сияқты медальдарымен марапатталған. Соғыс ардагері әрдайым жастар тәрбиесіне араласады, оларға ақыл-кеңесін үнемі айтып отырады. Осы жолы да өскелең ұрпаққа ақ батасын арнады.

Жаратушы құдайым оңдасын, қыдыр әулие қолдасын. Кең пейіл берсін, кетпес дәулет берсін. Дастархандарың тоқ болсын, уайымдарың жоқ болсын. Адамгершіліктерің Алатаудай биік болсын. Денсаулықтарың зор болсын. Әр істерің берекелі болсын, – деп бата берді ақсақал.
Әбдіғали Қаймолдин бала кезінде ұстаз болуды армандаған. Бірақ оныншы сыныпты бітірген кезде оны әскер қатарына шақырады. Сөйтіп құжатына үш жас қосып береді. Бірден майдан даласына жібереді. Ол Семейдегі 103-ші атқыштар дивизиясына түседі. Талай ұрысты басынан өткереді. Өмірін сан мәрте қатерге тігіп, қауіпті жерлерде жүреді.
Солай қарапайым әскерден бастап, запастағы подполковник дәрежесіне дейін жетеді. Қаһарман қария қиындыққа толы жылдарда көргенін ешқашан ұмытпайтыны анық. Бірақ көп еске ала бермейді екен. Бүгінде ақсақал қызының қолында, немере, шөбересі қасында. Жалпы Ұлы Отан соғысына Семей жерінен жүз мыңнан аса сарбаз аттанған. Олардың жартысынан көбі соғыстан қайтып еліне оралмады.
99 жастағы Иван Шевцов әлі тың. Ол 18 жасқа толған кезде қызыл әскер қатарына шақырылып, Польша мен Чехословакияны азат ету шайқастарында болған. Майдангер соғыста көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және адал еңбегі үшін медалімен марапатталған. Соғыстан кейін кәсіпорнында жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шықты. Сұрапыл соғыс жылдарын ардагер қорқынышпен еске алады. Сондықтан "бейбіт күннің қадірін білу аса маңызды" дейді ол. Жеңіс күнін қарсы алған сәті 99 жастағы қарияның мәңгіге жадында сақталған.

Мен ол уақытта Рижск әскери округінде едім. Түскі ас ішу үшін қатарға тұрып, дайындалып жаттық. Сол уақытта соғыс аяқталғаны туралы хабар айтылды. Дәл сол жердегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Қуаныштан көзімізге жас алып, бір-бірімізді құттықтап жаттық, – дейді соғыс ардагері.
Иван Шевцовтың балалары Ресейге көшіп кеткен. Қазір ардагер жалғыз тұрады. Мемлекет тарапынан қарияға күтім жасау үшін әлеуметтік қызметкер бекітілген. Ол апта сайын келіп ақсақалдың жағдайын жасайды.
Биыл соғыс ардагерлерінің бәрі бір реттік төлем алады. Абай облысындағы үш ардагердің біреуі қазір Мәскеу қаласында тұрып жатыр. Бірақ соған қарамастан ол кісі де сыйақы алады.
Әрқайсына 5 млн теңге мөлшерінде төлем жасалады. Сондай-ақ, соғыста қаза тапқан батырлардың жұбайларына, тыл еңбеккерлеріне және Ленинградты қорғауға қатысқан азаматтарға басқа да аздаған төлемдер беріледі. Абай облысында соғыс ардагерлерінен бөлек, 1600-ге жуық тыл еңбеккері тұрады. Оларға да 200 мың теңгеге дейін бір реттік ақшалай төлем жасалады.
Сұрапыл жылдарды көзбен көрген соғыс ардагерлерінің қатары да сиреп бара жатыр. Былтыр Абай облысында 5 соғыс ардагері болса, биыл олар үшеу ғана. Сондықтан бүгінде ардагерлердің денсаулығын бақылау басты назарда болып отыр. Майдангерлерге тегін курорттық демалыс қарастырылған.