Атырауда Абай атындағы облыстық оқушылар орталығында ұлы ақынның мұражайы мен «Абайтану» үйірмесінің кабинеті ашылды.
Бұл туралы Өңірлік Коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жаңа рухани-ағартушылық алаңның ашылу салтанаты Абай өмір сүрген дәуірдің тынысын танытатын «Тобықты ауылы» этно-ауылынан басталды. Ұлттық нақыштағы киіз үйде қазақтың салт-дәстүрі мен ақынның балалық шағын бейнелейтін театрландырылған көріністер ұсынылды.
Мұражайда Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек жәдігерлер, кітаптар мен құнды деректер топтастырылған. Ал «Абайтану» кабинеті заманауи құралдармен және әдістемелік әдебиеттермен жабдықталып, оқушылардың ақын мұрасын зерттеуіне, жобалық әрі шығармашылық жұмыстар жүргізуіне мүмкіндік береді.
Жаңа кабинеттің жұмысы ақын шығармаларындағы «Толық адам» тұжырымын оқушыларға жан-жақты таныстыруға бағытталады. Үйірмеге 5-11 сынып оқушылары қатыса алады. Басты мақсатымыз - баланы кішкентай кезінен Абай мұрасымен таныстырып, мектеп бітіргенге дейін ақынның шығармашылығын толық меңгеруіне мүмкіндік жасау, - деді Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуов.
Оқушылар орталығында Абай мұрасын дәріптеу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Мұнда ақын шығармашылығына арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, поэзия кештері мен зерттеу жобаларын тұрақты өткізу жоспарланған.