Митинг туралы заң жобасы Сенаттан қолдау тапты

30 Сәуір 2020, 15:06
1359
Бөлісу:
Митинг туралы заң жобасы Сенаттан қолдау тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында митинг туралы заң жобасы қаралды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Мәжілістен қолдау тапқан "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасын Сенатқа апарды.

Бұл заң жобасы туралы бұған дейін бірнеше рет жазғанбыз. Министр қоғамның сұранысына сәйкес, бейбіт жиналыстар арқылы өз ұстанымын білдіру үшін азаматтардың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту қажеттігі пайда болды деп отыр. Бұл заңның қоғамның сұранысына қаншалықты жауап бере алатынын уақыт көрсетер.
Қазіргі қолданыстағы заңның кемшілігінің бірі - мұнда бейбіт жиналыс нысандарына нақты регламент жасалмаған. Сондықтан заң жобасында түсіну аппаратын енгізу қалыптастырған. Заң жобасына түсіну аппаратын енгізу - бейбіт жиналыс, пикет, митинг, жиналыс, демонстрация, шеру сияқты негізгі ұғымдарды қалыптастыруға және оларды өзара ажыратуға мүмкіндік береді, - деді Дәурен Абаев.
Заңды дайындаған жұмысшы топ АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австралия, Жапония, Сингапур, Швеция және Ресей сияқты елдердің осы аталған саладағы заңнамаларын мұқият зерделепті.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елі бейбіт митингіні ұйымдастыру және өткізуде басты басымдықты қоғамдық қауіпсіздікке береді. Біз қоғамдық пікірді, соның ішінде әлеуметтік желілерді зерделедік, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік, - деді министр.
Құжатта бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда өткізу қарастырылған. Бейбіт жиналыстар өткізетін арнайы орындарды жергілікті өкілді орган белгілейді.
Бейбіт жиналысты өткізу үшін әкімдік келісімінің қажеті жоқ. Жергілікті атқарушы орган хабарландыруды алған соң, бейбіт жиынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Егер бейбіт шеруді өткізу заңға қайшы келсе, әкімдік оны өткізбеуі мүмкін. Бірақ оған себеп болуы керек. Ал демонстрация, шеруді өткізу үшін хабарландырудың басқа формасы жүзеге асырылады. Келісім туралы өтініш керек. Онда қатысушылар жүретін маршрут, пайдаланылатын көлік құралдары көрсетілуі қажет, - дейді Дәурен Абаев.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Еске сала кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында қандастардың азаматтық алуын жеңілдететін заңды қабылдады. Сондай-ақ, бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Ардагерлер туралы" заң жобасы мақұлданды.
Өзгелердің жаңалығы