"Асығыс дайындалған" ардагерлер туралы заң қабылданып кетті

30 Сәуір 2020, 14:29
3137
Бөлісу:
"Асығыс дайындалған" ардагерлер туралы заң қабылданып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Ардагерлер туралы" заң жобасы қабылданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру, - дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Жаңа заң жобасында ардагерлердің санаты кеңейтілді.
Біріншісі – ол ҰОС ардагерлері. Бұл санатқа соғысқа қатысушылар және ҰОС мүгедектері жатады. Екіншісі басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне қатысты. Заң жобасына сәйкес, оларға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларының сыртқы қорғанысын күшейтуге қатысқан, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды шешуге, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингенке кіретін азаматтар санаты жатады, - деді министр.
Ал жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар санаты еніп отыр. Заң жобасы аясында оларға жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтардың 8 санаты және ҰОС мүгедектеріне теңестірілген азаматтардың 5 санаты кіреді.

Одан бөлек, еңбек ардагерлері қамтылған. Олардың қатарында Социалистік Еңбек ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек даңқы ордендерінің иегерлері, Қазақстанның Еңбек ері атағына ие болған тұлғалар, 1941 жылдан 1945 жыл аралығында кеміне 6 ай жұмыс істеген, әскери қызмет өткерген және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегімен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдермен марапатталған адамдар жатады.

Сонымен қатар, ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.

Жеке тұрғын үй салу үшін бірінші кезекте жер учаскесін алу құқығы, коммуналдық тұрғын үй қорының үйлеріндегі өзі тұрып жатқан пәтерді меншігіне беру, техникалық-кәсіптік және жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезіндегі артықшылықтар, кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көлемін бірінші кезекте алу және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған.
Жеке тұрғын үй салу үшін бірінші кезекте жер учаскесін алу құқығы, коммуналдық тұрғын үй қорының үйлеріндегі өзі тұрып жатқан пәтерді меншігіне беру, техникалық-кәсіптік және жоғары оқу орындарына оқуға түсу кезіндегі артықшылықтар, кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтер көлемін бірінші кезекте алу және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған, - дейді министр.
Сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдардың ардагерлері ретінде танылатын жаңадан қосылған әскери қызметшілерге 4,8 АЕК (2020 жылы 13 334 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Социалистік Еңбек ерлері, оның ішінде ҰОС қатысушыларын ескере отырып, үш дәрежелі Еңбек даңқы ордендерінің иегерлеріне тағайындалатын арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін Қазақстанның Еңбек ері алатын жәрдемақы мөлшерімен теңестірілді. Яғни, жәрдемақы 138,63 АЕК-ке (2020 жылы 385 114 теңге) дейін арттырылды.

1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-тегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы 4,8 АЕК-ке (2020 жылы 13 334 теңге) дейін өсті.

Біржан Нұрымбетовтың сөзіне қарағанда, бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттен жеңілдіктер мен кепілдіктер алатын ардагерлеріміздің саны 169 мың болса, қосымша көзделіп отырған ардагерлермен бірге мемлекеттік қолдау шараларымен 180 мыңнан астам ардагер қамтылатын болады.

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар салықтың 11 түрінен босатылады. Бұл санатқа Чехословакиядағы қақтығыстарға, Таулы Қарабахтағы Этносаралық шиеленістерге, Ирактағы бітімгершілік операцияларына және тәжік-ауған шекарасындағы ТМД елдерінің сыртқы шекараларын күзетуге қатысушыларды қосу көзделіп отыр. Аталған азаматтар тағы да бірқатар басқа төлемдерден босатылады.

Ал Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов бұл заң асығыс дайындалған деп отыр.
Осы заңды асыға күтіп жүрген ардагерлер тобының бірі - еңбек ардагерлері. Ұлы Отан соғысының қатысушылары бұл заңды күткен жоқ. Себебі, қазіргі қолданыстағы заң олардың әлеуметтік мәселелерін шешкен. Бұл заңды еңбек ардагерлері күтті. Мен заң жобасын қарап шықтым. Қазіргі қолданыста пайдаланып отырған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы заң қазіргі заң жобасымен үндес, - дейді депутат.

Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге теңестірілген адамдардың санаты осы заңға толық көшірілген. Бірақ бірнеше кемшін тұстары бар.
Біріншіден, заңға тек 4 санат қосылды. Ол - Тәжік-ауған, Ирак, Таулы Қарабах және Чехословакиядағы ұрыс қимылдарына қатысқандар. Сонымен қатар еңбек ардагері санатына Қазақстанның Еңбек ері кірді. Өкінішке қарай, басқа санаттағы ардаргерлер бұл заң жобасына кқосылмаған. Мұндай жағдайда бұл заңның орнына жаңадан қосылған 4 санатты қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, қабылдаса болар еді. Бұл - менің жеке ойым, - деді Сәрсенбай Еңсегенов.
Оның айтуынша, заңдағы  кей санаттағы топтарға әлеуметтік кепілдіктер қарастырылмаған. Қолданыстағы заңда Ауған соғысының ардагерлері, Ауған соғысына қатысушылар Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген. Бірақ заңда оларға кепілдік емес, әлеуметтік шара ұсынылады екен. 

ҚР тұрғын үй заңнамасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үймен қамтамасыз ету ұсынылған делінген. Ұсыным мен кепілдіктің арасында айырмашылық бар. Мұндай қолданыстағы заңмен бекітілген кепілдіктердің бірнеше түрі қазіргі ұсынылып отырған заң жобасында жоқ. Бұл мәселелердің барлығын пысықтау керек. Бұл заң асығыс дайындалған сияқты. Мұны болашақта ескеру керек деген ойдамын. Заңды әлі талқылау керек еді, - дейді Сенатор.


Өзгелердің жаңалығы