Абаев: Жамбылдың өнегелі өмірі – халыққа қызмет қылудың озық үлгісі

19 Қараша 2021, 15:21
1030
Бөлісу:
Абаев: Жамбылдың өнегелі өмірі – халыққа қызмет қылудың озық үлгісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев хабарлады. 

Оның айтуынша, әйгілі ақын мерейтойының Тәуелсіздік тойымен тұспа-тұс келуінің де символдық мәні зор.

 

Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы – жұртының дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгі тілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті. Біз бүгін абыздарымызға арман болған азаттықтың айшықты белесіне шығып, бабалар мирасын дәріптеп отырмыз. Байыптап қарағанға бұл – тарихи сәт, - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

 

Сондай-ақ ол ғасырға жуық жасаған ақынның өмірі көпке үлгі деп отыр.

Жамбылдың өнегелі өмірі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қызмет қылудың озық үлгісін айшықтайды. Қос ғасырда ғұмыр кешіп, талай аумалы-төкпелі заманның куәсі болған абыз бабамыз ешқашан адамдықтың асқақ биігінен төмендемеген. Қоқан бектерінің де, Патшалық Ресейдің де, Кеңес үкіметінің де екпінінен ықпай, әрдайым қалың қазақтың сөзін сөйлеуі Жамбылдың тек ақын емес, азамат ретіндегі тау тұлғасын аңғартады. Бұл тұрғыдан алғанда, дала данагөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әрбір адамға үлгі-өнеге, - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Өзгелердің жаңалығы