Абаев: Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы жастар үшін тиімді

21 Мамыр 2021, 19:34
1420
Бөлісу:
Абаев: Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы жастар үшін тиімді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
 

 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті XXIV отырысы өтті.

Кеңес отырысының жұмысына Үкімет мүшелері, Мәжіліс депутаттары, республикалық жастар ұйымдарының басшылары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар, сондай-ақ, өңірлердегі жастар саясаты мәселелеріне жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен елімізде жастар саясатының негізі қаланды. Сол саясаттың жалғасы ретінде, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та жастар мәселесіне айрықша басымдық беріп, үнемі назарда ұстап отырады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жастар саясатына қатысты бірқатар тапсырма берді. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін одан әрі жетілдіру қолға алынды, – деді Дәурен Абаев. 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Кеңес хатшысы Евгений Глотов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жаңа форматы туралы баяндады.

Абаев: Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы жастар үшін тиімді


 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзі басқаратын министрліктің алдына жастар саясатына қатысты қойылған стратегиялық міндеттер туралы айтты.

Атап айтқанда, биыл жыл соңына дейін Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ҚР Парламентінің қарауына ұсынылуы керек. Онда «Жастардың даму индексі», «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «NEET санатындағы жастар» ұғымдары заңнамалық тұрғыдан бекітілуі тиіс. Сонымен бірге министрлік алдында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын әзірлеу міндеті тұр. Мұнда жастарды мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бірыңғай құжатқа біріктіру, сондай-ақ, талантты жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын тағайындау және беру көзделген.

Жастарды дамыту индексі жастар саясатын іске асыру, мониторинг, бағалау тәсілдерін біріздендіруге және нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекеттік, әсіресе, жергілікті органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған, – деді Аида Балаева. 

Сондай-ақ жастар саясатының жекелеген бағыттары бойынша кеңес мүшелері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев баяндама жасап, «Жүзден жүйрік» бағдарламасына кәсіпкерлік саласын енгізуді ұсынды.

Абаев: Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы жастар үшін тиімді


 

ҚР Энергетика министрлігінің «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Максим Здоровец ғылыммен айналысуға 5 жылдық гранттарды енгізуді ұсынды. Бұл отандық ғалымдар үшін ұзақ мерзімді мақсаттар қоюға, болашағы зор зерттеулерді сапалы әрі жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретінін айтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингілеу орталығының сараптамалық-талдау тобының консультанты Әділ Құсманов жастар жетістікке жетіп жүрген бизнес, IT, әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік басқару саласында және тағы басқа бағыттар бойынша мемлекеттік жастар сыйлығының санын арттыруды ұсынды.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Сабина Сәдиева жастарды жас ерекшеліктері бойынша топқа бөле отырып, олармен мақсатты түрде жұмыс жасау қажеттігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес төрағасы Дәурен Абаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы жастар үшін тиімді, елге пайдалы жобалар жасауға бағытталуы тиіс. Ол жастардың кәсіби бағдар алуына, мамандықты дұрыс таңдауына, өз денсаулығы үшін жауапты болуына, тұлға ретінде қалыптасуына, өмір өткелдерінде дұрыс тәуекел етіп, сүрініп кетпеуіне жол ашуы керек, – деді Дәурен Абаев. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес – еліміздегі мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлеу жөніндегі басты диалог алаңы. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Кеңес құрамы толығымен жаңартылды. Оған Президенттік жастар кадр резерві мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өкілдері, республикалық жастар ұйымдарының басшылары, депутаттар, сарапшылар кірді.


 

Өзгелердің жаңалығы