Ақтауда электр энергиясына тариф 11% төмендеді

20 Ақпан 2019, 18:38
2870
Бөлісу:
Ақтауда электр энергиясына тариф 11% төмендеді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Жаңаөзен тұрғындары бұрын электр тоғының килловатына 21,77 теңгеден төлейтін. Ендігі жерде әр жанұяның осы бағыттағы коммуналдық шығыны 19,99 теңгеден аспайды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов халыққа есептік кездесуінде тарифтер төлемақысын төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. 

«Бүгінгі күні Ақтау қаласы бойынша электр энергиясының соңғы тарифі он бір процентке, яғни 19,42-ден 17,29 теңгеге дейін (ҚҚС есебімен) төмендетілді. Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап су тарифі жеті, ал жылудың бағасы 6% азайды», - деді аймақ басшысы. 

Мамандар коммуналдық қызметтер тарифінің төмендеуінен әр отбасының орта есеппен жылына 10 мың теңге үнемдейтінін айтып отыр.

Үнемдеу демекші, өлке әлеуетінің түрлі секторларын цифрландыру қолға алынғалы бері 188 млн теңге үнемделіп, қаржыландыруды қажет етіп келген өзге бағыттарға жұмсалған.

Жеке-дара тоқталсақ, білім беру саласына «Балаларды балабақшаларға автоматты түрде кезекке қою» ақпараттық жүйесі және электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесі енгізілген.

Денсаулық сақтау бойынша өңір халқының 94%-ы электронды денсаулық паспортын алды. Облыс аумағындағы медициналық мекеме-ұйымдардың 89%-ы қағазсыз құжат айналымына өтті. Әлеуметтік салада «Еnbek.kz» электрондық порталы енгізілді.

Қоғамдық көлік – ауданаралық және қалалық маршруттардағы 104 автобус GPS-навигаторлармен жабдықталған. Тұрғындардың көбі, әсіресе мектеп оқушылары, студенттер мен зейнеткерлер «InfoBus.kz» мобильдік қосымшасының шарапатын көруде.

Жуырда облыс орталығында 65 қалалық және 39 қала маңында қатынайтын автобустардың қозғалысын бақылайтын «BusReport» диспетчерлік жүйесі іске қосылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында пилоттық режимде 15 шағын аудандағы 10 көпқабатты баспанаға жалпы үйлік жылу есептегіш құралдары қойылды.

Тұрғындар қауіпсіздігін күшейту мақсатында Ақтау қаласы және Маңғыстау станциясының теміржол вокзалында бас-аяғы 600 камера, сонымен қатар Жаңаөзенде 128 бейнебақылау құрылғылары орнатылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Маңғыстау облысында көпбалалы отбасыларға 100 мың теңге төленеді. Өңір әкімі Ералы Тоғжанов халыққа есептік кездесуінде облыстық жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Мұнда ұсыныстар талданып, олар бойынша нақты шешімдер қабылданған.

Томирис ӘДІЛ

Өзгелердің жаңалығы