Ақтөбе облысында тұрғын үй сертификатына 200 млн теңге бөлінді

5 Тамыз 2019, 14:12
1325
Бөлісу:
Ақтөбе облысында тұрғын үй сертификатына 200 млн теңге бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Ақтөбе облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХХVІІ сессиясы өтті. Онда тұрғын үй сертификатын беру мәселесі қаралды. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.

Сессияда «Ақтөбе облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» мәселесі қаралды.

«Сертификат берудің екі түрі бар. Бірі әлеуметтік көмек, екіншісі әлеуметтік қолдау. Әлеуметтік көмек кезінде ақша кері қайтарылмайды. Ал әлеуметтік қолдау кезінде бюджеттік несие беріледі. Әлеуметтік көмек сертификатын беру кезінде алғашқы жарнаның 90 пайызын беру, әлеуметтік қолдау сертификатын беруде алғашқы жарнаның 50 пайызын беру ұсынылып отыр. Соңғысы «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болуға мүмкіндік береді. Әр сертификат 1 миллион теңгеден аспайды.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер құны 10 миллион теңге болса, алғашқы жарна 1 миллион теңге. Мемлекет 900 мың теңге береді, сатып алуға 100 мың теңге қосуы тиіс. Ал «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламасымен баспанасын алу кезінде 10 миллион теңгенің үйін сатып алу үшін 2 миллион теңге керек. Біз 1 миллион теңгеге дейін ғана қаржы бөле аламыз. Сондықтан 50 пайызын мемлекет есебінен беру жоспарланып отыр», - деді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Аманов.

Тұрғын үй сертификаты көпбалалы, толық емес және мүгедек бала бағып отырған отбасыға беріледі. Әрі денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттiк мекеме қызметкерлеріне тиесілі. Сессияға облыс басшысы Оңдасын Оразалин қатысып, депутаттарға алғысын айтты.

«Біз неғұрлым тез шешім қабылдасақ соғұрлым үйді жылдам береміз. Жақсы жеңілдік жасалады отырмыз. Егер 1 миллион теңге төлеу керек болса бюджет есебінен 900 мың теңгесін береміз. Бұл жақсы. Бұған дейін кәсіпкерлер де көп көмек берді. Бастапқыда 200 миллион бөлінеді. Яғни, биыл 240-250 адам баспана сертификатын иеленеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 900-ге жуық адамның құжатын өткізіп, дайындап бердік», - деді облыс әкімі О.Оразалин.

Өзгелердің жаңалығы