Ақсулықтар 2021 жылы ферроқорытпа зауытының аумағындағы жұмыстарды бақылай алады

7 Қараша 2019, 00:31
1482
Бөлісу:
Ақсулықтар 2021 жылы ферроқорытпа зауытының аумағындағы жұмыстарды бақылай алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақсу тұрғындары алдағы уақытта арнайы орыннан ферроқорытпа зауытының экологияға қалай әсер етіп жатқанын көре алатын болады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Өңірлік коммуникациядар қызметінде өткен баспасөз жиынында Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев кәсіпорында атқарылып жатқан экологиялық шаралар туралы айтты.
Биыл кәсіпорынымыз экологиялық шараларға 7,76 миллиард теңге бөлді. Олардың бір бөлігі атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған. Газ тазалау кешендерін салу және қайта жаңарту жөніндегі ірі жобалардан басқа, зауытта қолданыстағы сүзгілерді ауыстыру жүргізілуде. Бұл жұмыс тұрақты түрде қолға алынып, сүзгілер істен шыққанға дейін ауыстырылады. Биыл кәсіпорынның 6 балқыту пешінде түтік сүзгілері ауыстырылды, - деді Сергей Прокопьев.
Сондай-ақ зауыт басшысы 2021 жылы тұрғындар үшін арнайы бекет орнатылатынын атап өтті.
2021 жылы экологиялық бекет орнатпақпыз. Ақсу тұрғындары бекеттен зауыт аумағындағы жағдайды көре алады, - деді Сергей Прокопьев.
Спикердің айтуынша, кәсіпорында кенді қорытқаннан кейін қалатын қалдық – қожды өңдеу жұмысы қарқын алған.
Біз қалдықсыз өндіріс технологияларын қолданудамыз. Қожды өңдеу цехы белсенді жұмыс жасауда. Кәсіпорын аумағында бұрыннан жиналып қалған қождарды да өңдеп жатырмыз. 2032 жылға дейін аумақта жиналған қож өңделіп бітеді. Биыл 9 айда 587 мың тонна қож өңдедік. Оған қоса, өзге де қалдықтарды өңдеу қолға алынған, - деді Сергей Прокопьев. 
Сонымен қатар, Ақсу ферроқорытпа зауыты 2020 жылы маңызды экологиялық 19 шараға 3,8 млрд теңге жұмсауды жоспарлауда. Сондай-ақ санитарлық-қорғау аймағында 2028 жылға дейін 430 млн теңгеге көшеттер отырғызу көзделген.




Өзгелердің жаңалығы