Павлодарда құран оқу сайысы өтті

11 Қазан 2020, 22:48
2241
Бөлісу:
Павлодарда құран оқу сайысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМДБ Павлодар облысы өкілдігі, Екібастұз қалалық мешітінің «Зекет» қорының ұйымдастыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай өтетін республикалық Құран оқу жарысына іріктеу сайысы өтті.

Pavlodarnews.kz сайтының хабарлауына қарағанда, Екібастұз қалалық мешітінде өткен облыстық сайысқа Павлодар облысына қарасты қала, аудан мешіттерінің «Діни сауат ашу» курсында оқитын 30 жасқа дейінгі 21 шәкірт қатысты.

Сайыс басталар алдында Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Бауыржан Отарбаев қатысушыларға табыс тілеп қысқаша сөз сөйлей келе, биылғы жылғы ауыр індет зардабынан бақилық болған еліміздің дн қайраткерлері, қарилар, дін қызметшілерінің рухына арнап Құран оқып, дұға бағыштады, - деді ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбай.
Қатысушыларды сынағында облыстық «Мәшһүр Жүсіп қарилар даярлау» орталығының директоры Манас қари Жұмалинов, Екібастұз қалалық мешітінің наиб имамы Әкбарқожа қари Юнусов және «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінің ұстазы Дәулет Рүстемов секілді білікті мамандардан құралған қазылар алқасы баға берді.

Жарыс екі номинация бойынша өткізіліп, үміткердің Құранды тәжуид қағидасына сай мәнерлеп әрі көркем оқуына және билет бойынша берілген сұрақтарға дұрыс жауап беруіне баса назар аударылды.

Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлде және республикалық сайысқа жолдаманы Екібастұз қалалық мешітінің шәкірті Нұрахмет Әбілдәбек еншіледі.

1-орынды Қуаныш Серіков Қуаныш («Әбу Бәкір сыддық» медресе-колледжінің ұстазы);

2-орынды Ержан Әміралинов («Әбу Бәкір сыддық» медресе колледжінің шәкірті);

3-орынды Әбдікәрім Төлеубаев (Ақсу қалалық мешіті) иеленді. 

«Ең жас қатысушы» арнайы номинация сыйлығын 7 жасар Абдурахман Мұхтар алды.

Жарыстың өтуіне Екібастұз қалалық мешітінің Шыңғыс Макимов бастаған «Зекет» қоры демеушілік жасап, жүлделі орын алған шәкірттерге мараппатау қағазы, ақшалай сыйлық және діни-әдеби кітаптар сыйлыққа берсе, барлық қатысушыларға да сый-сияпаттар үлестірді.

Өзгелердің жаңалығы