Карантин кезінде қарағандылықтар үйлену тойын және жаппай кеш ұйымдастырған

12 Қазан 2020, 10:05
2425
Бөлісу:
Карантин кезінде қарағандылықтар үйлену тойын және жаппай кеш ұйымдастырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыдағы  «Фараби» мейрамханасында мобильді топ 100 адамға арналған той банкеті өтіп жатқанын анықтады. Бқл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қалада ойын-сауық орындарын, қоғамдық тамақтану нысандарын, дүкендерді және т.б. тексеру жалғасуда.

Рейд барысында 10 қазанда Қазыбек би атындағы ауданның мобильді тобы Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының талаптарын бұзғанын анықтаған. Қарағанды қаласы, Мұқанов көшесі, 28/2 мекен-жайы бойынша орналасқан  «Фараби» мейрамханасында 100 адамға арналған жаппай үйлену тойы өткізілгені мәлім болды.

Мейрамхана иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-тармағы бойынша жаза қолданылады.

Естеріңізге сала кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша (халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу):

- Жеке тұлғаларға - 30 АЕК мөлшерінде (83 340 теңге);

- лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 230 АЕК (638 940 теңге);

- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін - 310 АЕК (861 180 теңге);

- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 1 600 айлық есептік көрсеткіш (7 500 600 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Сондай-ақ, карантин режиміне қарамастан, Гоголь көшесі, 86-шы үйде орналасқан Бруклин рестобарында 11 қазан күні кешке 200-ге жуық жастар би кешіне жиналған.

Ойын-сауық мекемесінің карантиндік шараларды бұзғаны туралы материалдар Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының ТКҚСҚБ-ға берілетін болады.

Қазыбек би атындағы ауданда алты мобильді топ жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы