95 жылдық тарихы бар Ақтөбе облыстық музейінде 122 мың экспонат сақтаулы тұр

27 Қыркүйек 2024, 16:50
501
Бөлісу:
95 жылдық тарихы бар Ақтөбе облыстық музейінде 122 мың экспонат сақтаулы тұр
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Биыл Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осы орайда музей директоры Мейрам Дүйсенғалимен сұхбаттасып, биылғы жобалар мен музей жәдігерлері жайлы сұраған едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Биыл Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі негізінің қаланғанына 95 жыл толып отыр. Осы орайда қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр? Жалпы музей тарихы жайында бірер мағлұмат айтып кетсеңіз.

— Ақтөбе өңірінің тарихи мұрасының, облыс шежіресінің, халқымыздың өткен замандағы ғасырлар бойғы ұлттық-мәдени құндылықтарының бас шырақшысы болып табылатын Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне 95 жыл толғалы отыр. Қазақ өлкесін зерттеу жөніндегі қоғамның Ақтөбе бөлімінің 1929 жылғы 25 тамыздағы мәжілісінде сол бөлімшенің қоғамдық негіздегі белсенді мүшелерінің, оның ішінде сол кезде қаламыздағы педагогикалық техникумның оқытушысы, жетекшілерінің бірі ұлт мақтанышы түрколог ғалым, профессор, репрессия құрбаны Құдайберген Жұбановтың өлке тарихын көпшілікке таныстыратын көрме ұйымдастыру жөніндегі бастамасынан бастау алып, алғаш мектеп жанындағы шағын музей ретінде шаңырақ көтерген бұл қасиетті орданың 95 жылдығына арнайы мәдени музейлік іс-шаралар жүргізілуде. Олардың негізгілері қазан айынан басталмақ. Бұл бағыттағы кең көлемдегі шаралар қатарында «Ғылым биігіндегі ақтөбелік ғалымдар» көрмесі, өңірдегі мектеп оқушыларын музей ісіне баулу, тарту мақсатындағы «Жас экскурсовод» облыстық байқауы бар. Сондай-ақ музейдің құрылғанына 95 жыл толуына орай қазан-қараша айларында Ақтөбеде Түркістаннан Қожа Ахмет Ясауидің «Әзірет Әлі» музей қорығының жылжымалы көрмесі ашылып, музейіміздің ең құнды экспонаттарынан көршілес Қызылорда және Атырау облыстарында аталған музей залдарында біздің өңір тарихын, мұрасы таныстырылып, арнайы көрмелер ұйымдастырылатын болады.

Музейіміздің 95 жылдық тарихын сөз еткенде, оның алғашқы жәдігерін тіркеп, тұңғыш экспозициясын жасақтап, 17 жыл (1929-1945 жылдары) басқарған Давид Темушка, кеңестік кезеңде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұзақ уақыт бойы музей ісінің білікті қайраткер ұйымдастырушылары марқұм Рысжан Ілиясова, Еркін Құрманбеков жетекшілік жасағанын айта кеткен орынды деп ойлаймын.

— Музейге 2018 жылы жаңа ғимарат берілді. Бүгінде бұл ғимарат облыс орталығындағы үлкен мәдени орынға айналды. Қазір осы музейде қанша жәдігер бар? Ғимарат іші қандай бөлімдерден тұрады? Қанша қызметкер жұмыс істейді?

— Рысжан Ілиясова сынды ардагер-мамандардың, жалпы музей жанашырларының ұсынысы негізінде облыс басшылығы және Исламбек Салжанов сынды жерлесіміздің демеушілігінің арқасында қаламыздағы «Алтын орда» шағын ауданында салынған жаңа музей ғимараты 2018 жылдың 19 қарашасында толық жасақталып, салтанатты түрде пайдалануға берілген-ді. Сол күннен бастап келушілерге музейдің қызмет көрсетуі облыс, тіпті, еліміздің мәдени өміріндегі елеулі жаңалыққа айналды. Шын мәнінде облыстық музей бүгінде Ақтөбе қаласының көрнекті мәдени орны ретінде жыл сайын 90 мыңнан астам келушіге тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Бұған қоса биыл шілде айында облыстық мұражайдың Қобда ауданында типтік жобадағы жаңа ғимараты салынып, толыққанды экспозициялық жасақтаудан өтіп, пайдалануға берілгенін де айта кетсек артық емес.

Биыл аудандардағы бөлімдер мен кешенді қоса алғанда музей қорында 122 693 дана экспонат тіркелді. Жалпы, музейімізде қазір 102 маман қызмет етеді.

— Бұған дейін аудандардан келетін оқушыларға, мәдениет саласының қызметкерлеріне түрлі шаралар, экскурсиялар ұйымдастырылатын. Бұл дәстүр әлі сақталып жатыр ма?

— Әрине. Бұрыннан қалыптасқан жұмыс тәртібі бойынша музейде Ақтөбе қаласындағы барлық мектеп оқушылары арасында және жоғары топтағы балабақша тәрбиеленушілері үшін, сондай-ақ жақын орналасқан аудандардың, ауыл мектептерінен өздерінің мектеп автобусынан келетін оқушыларға да арнайы жас ерекшеліктері ескере отырып, жүргізілетін экскурсиялар тұрақты ұйымдастырылуда. Сондай-ақ қаладағы кейбір автобусы жоқ мектеп оқушыларын музейге экскурсияға әкелу үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің автобусы сұранысқа қарай жіберіліп отырылады. Соның нәтижесінде биылғы 8 айда музейдің бас ғимаратында ұйымдастырылған 600-дей шолулық, тақырыптық, тағы да басқа экскурсиялардың 275-і немесе 47 пайызы әртүрлі санаттағы балаларға, кәмелетке толмаған мектеп, колледж оқушыларына арналып өткізілді. Оның қатарында мүгедек балаларға, «Аяла» қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына, тәрбиелік мақсаттағы «Шолпы» қыздар клубы жасөспірімдеріне т.б. топтарға арнайы өткізілген экскурсиялар да бар.

Сондай-ақ облыс мектептерінің талапкер оқушыларын музей ісіне тарту, баулу мақсатында соңғы кездерде екі жылда бір рет «Жас экскурсовод» облыстық байқауы ұйымдастырылып келеді. Биыл бұл байқау өңірімізде қазан-қараша айларында өткізіледі. Бұдан бөлек, музейдің экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімі жанында ұзақ жылдардан бері музейдің жас жанашырлары, оның ішінде қыз балаларға салт-дәстүр, ұлттық тәрбие-тәлім беру бағытындағы аталған «Шолпы» қыздар клубының атсалысуымен түрлі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар ұйымдастырылады.

— Соңғы жылдары музей қандай экспонаттармен толықты?

— Музей қорында бар экспонаттардың жиынтығы туралы мәлімет ілгеріде айтылды. Оның соңғы төрт жылда қандай құнды экспонаттармен толыққандығы туралы айтсақ, мәселен, 2020 жылы музей ардагері О.Хайруллиннің «Соңғы этап» картинасы, жергілікті зергер Б.Атыраубаевтың «Қыз белдігі» күмістелген туындысы, Н.Байғаниннің ұлы Момын Байғаниннің жеке өзі тұтынған домбырасы, жеке құжаттары, Ұлы Отан соғысының ардагері, кеңестік кезеңде Республиканың Бас прокуроры қызметін атқарған жерлесіміз Ө.Сейітовтің шерулік киімі, төсбелгілері мен құжаттары музей қорына алынды.

2021 жылы қорымыз жергілікті әуесқой суретші, медицина ғылымдарының доценті Александр Корваттың Ақтөбе өлкесі, табиғаты туралы картиналарымен, музейдің табиғат залы қоры өңірдегі дала жануарлары, аң-құстары тұлыптарымен толықтырылды.

2022 жылы ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясованың жеке тұтынған заттары, құжаттары, жергілікті ағаш шебері Ерқосай Әбіловтің күбі туындысы, Қобда аудандық (музей) бөліміне түпнұсқа түріндегі бес қару жәдігері, сондай-ақ сол жылғы музей жанындағы «Аманат» танымдық экспедициясы нәтижесінде (өңір мешіттері мен XVIII-XX ғ.ғ. діни қайраткерлерін анықтап зерттейтін) Шалқар өңірінен шыққан Әбдіғалым ахунның жеке тұтынған заттары, құжаттары тіркеліп, есепке алынды. 2023 жылы шалқарлық ұста-зергер Шаштыбайдың XIX ғасыр аяғында өз қолымен жасаған күміс белдігі музейіміздің қорын толықтырып, жаңадан салынып пайдалануға берілген Қобда бөліміне текемет, ер тұрмандары табысталды. Ал биыл музей қорына жерлесіміз ақын-сазгер Бәкір Тәжібаевтың өзі тұтынған бала кезіндегі алғашқы домбырасы, сондай-ақ музейіміздің археологтарының қатысуымен ұйымдастырылған экспедициялардың бұрынғы жылдардағы қалпына келтірілген Тасқопа-1/1 обасынан табылған құнды бұйымдар (металл, т.б.) қор есебіне алынып тіркелді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады.

— Қазір музейдің маңызы қандай? Халық қаншалықты жиі барады? Тарихты насихаттауда сіздің мұражай тиісті деңгейде жұмыс істеп жатыр ма?

— Бүгінде облыс халқының мәдени-тарихи құндылықтарымызды, тарихи-өлкетану музейіндегі мұраларды, түрлі экспонат-жәдігерлерді көріп, танып білуге деген құлшынысы мен ұмтылысы арту үстінде. Халықтың, музей тілімен айтқанда, келушілердің жыл сайын артуы — бұған нақты дәлел. Мысалы, 2021 жылы музейге келушілер саны 103 589 адам болса, 2022 жылы — 103 930, ал былтыр 107 426 адам болды. Биыл 8 айдағы көрсеткіш 67 863 келушіге жетіп отыр. Өңір тарихын, әсіресе, құнды да көне экспонаттарды көрсете, пайдалана отырып, насихаттауда музейімізде жоспарға сәйкес халықаралық, республикалық облыстық конференциялар, жиындар, кездесулер, тұсаукесерлер, жылжымалы көрмелер ұйымдастырылуда. Бір ғана мысал ретінде айта кетсек, 2019 жылдың күзінде Темір ауданындағы Теректі ауылдық округінің Тасқопа жерінен табылған және содан кейін тұңғыш рет музейдің өз базасында реставрацияланып, реконструкциядан өткізілген ақтөбелік «Алтын адам» – Сармат көсемі соңғы екі жылдан бері тек көрме ретінде көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде ақтөбелік «Алтын адам» жылжымалы көрме ретінде Астанадағы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы этноауылға апарылса, алдағы қазан-қараша айларында көршілес Қызылорда, Атырау қалаларындағы көрмелерде көрсетіледі.

— Мәдениет саласы қызметкерлерінің көбі жалақының аздығын айтып жиі шағымданады. Бұл орайда музей қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы қандай? Биыл еңбекақылары өсті ме?

— Мәдениет саласындағы, оның ішінде музей қызметіндегі еңбекақының аздығы кадрлардың тұрақтауына өз әсерін тигізетіні рас. Әсіресе, қатардағы зал қараушылар, тазалықшылар жалақысы мардымсыз. Дегенмен ел Үкіметінің қолдауымен қызметкерлеріміздің негізгі құрамының жалақысы 2021 жылы 35 пайызға, 2022-2024 жылдары 20-70 пайыз аралығында артты.

— Бұған дейін өңірдегі белгілі өлкетанушылармен бірлесіп аудандарда тарихи орындарды, ескерткіштерді, киелі жерлерді зерттеуде жақсы жобаларды жүзеге асырғандарыңыз мәлім. Бұл бағытта биыл қандай жобалар қолға алынуда?

— 2024 жылға белгіленген және бекітілген іс-шаралардың жұмыс жоспарына сәйкес облысымыздың мәдени мұрасын зерттеу, анықтау, жаңғырту және насихаттауға бағытталған ғылыми жобалар экспедициялар мен барлау-іздестіру және қазба жұмыстары нәтижесінде биыл қалыпты түрде жүргізілуде. Атап айтсақ, музей археологтары мен этнографтары тарапынан ғұн дәуірі ескерткіштерін кешенді зерттеуде барлау-іздестіру (қазба) жұмыстары Аққисық (Әйтеке би ауданы), Дербісәлі II (Қобда) қорымдарында, тас және палеометаллдар дәуірі ескерткіштерін зерттеуде қазба жұмыстарын жүргізу Жамансу II ескерткішінде (Мәртөк), көне заманғы металлургтердің Тараңғұл қонысын зерттеу (Қарғалы ауданы), сонымен қатар алғашқы қауымдық дәуір адамдарының өңірімізде анықталған тұңғыш мекені Төлебұлақ (үңгірі) тарихи-мәдени аумағына жататын Орқаш қорымында (Мұғалжар) сақ-сармат кезеңдері ескерткіштерін зерттеу жүргізілді.

Сондай-ақ алдын ала барлау, анықтау, осы мақсатта ескерткіштерге ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу де жалғасуда. Мәселен, осы айда Ойыл өзені бассейніндегі құмды алқаптарда ежелгі тұрғындар ескерткіштеріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде ерте кезеңдегі атымен қоса жерленген көсем мүрдесі табылып анықталды. Сондай-ақ осы мақсатта бірлескен, атап айтқанда, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлескен археологиялық зерттеу жұмыстары да жалғастырылып, өңірдің Мұғалжар және Хромтау аудандары аумақтарында жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, биыл күз айларында 2016 жылдан бері облыстың 9 ауданында ұйымдастырылған, бұрынғы мешіттердің (XVIIIғ. аяғы — 1926 жылдары) орындары мен оларды ұстаған діни қайраткерлердің рухани-ағартушылық қызметін танымдық зерттеу, анықтауға бағытталған музей жанындағы «Аманат — 2024» тарихи-танымдық облыстық экспедициясы Мәртөк, Қарғалы аудандарында ұйымдастырылатын болады.

— Музей — тарихи жады мен өткен дәірдің мұрасын сенімді сақтайтын мемлекеттік мекеме. Сондықтан архивтерді сақтауда, жәдігерлерді күтіп ұстауда, жалпы мұражай жұмысын жүргізуде қандай мәселелер бар? Биылғы жоспарларыңыз қандай?

— Музейде соңғы кезде архивтерді сақтауда, оның ішінде музей архивіне және музейдің ғылыми кітапханасы архивіне қолайлы жеке бөлмелер бөлінді және қажетті сөрелер жасақталып қамтамасыз етілді. Сондай-ақ музейдің үшінші қатарында арнайы түрдегі тарих пен тұлға залын жасақтау аяқталуда.

Қазіргі таңда музейдің бас ғимаратында жәдігерлерді күтіп-ұстап, келушілерге қолайлы түрде ұсынып көрсету мақсатында он бір зал және музейдің облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінде жалға алынған арнайы бөлімінде еліміз бойынша дәстүрлі мұсылман діні тарихына арналған «Руханият» көрме залы, жалпы саны 12 зал жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар музей ісіне озық технологияларды енгізуде аталған бірқатар залға виртуалды тур қондырылды. Жалпы музей жұмысын дамытуда шешімін күткен көкейкесті мәселелер де жетерлік. Мәселен, біздің алдымызда қор жұмысында ескірген экспонаттарды жаңғыртып, қайта қалпына келтіру үшін реставратор-мамандардың санын көбейту, музей қорының сыйымдылығын арттыру үшін қосымша сақтау қоймасын салу, музей қорын автоматтандырылған сақтау жүйесіне толықтай енгізу, экспонаттарды бүгінгі заман талабына сай сандық форматқа көшіру ісін жеделдету, IT және сандық форматқа көшу секторларын ашу, оларды қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Алдағы уақытта осы өзекті мәселелерді назарға алып, жұмыстанатын боламыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы