Түркістан облысындағы Бадам өзенінде орын алған экологиялық жағдай су айдындарының ластану мәселесін айқын көрсетті. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер дабыл қағуда: өзен тұрмыстық және құрылыс қалдықтарына толып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өзендегі балықтың жаппай қырылуы – қордаланған мәселенің бір ғана көрінісі.
Полиэтилен пакеттерге салынған тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс қоқыстары өзен арнасы мен жағалауына тікелей төгілген. Ластану деңгейі өте жоғары. Белгісіз кәсіпорын төккен қышқыл заттардан бөлек, өзеннің жоғарғы ағысында стихиялық қоқыс орындары пайда болған. Эко-белсенділердің араласуынан кейін қоқыс жедел түрде тазартылғанымен, мәселе толық шешімін таппаған.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Бадам өзенінің бастауына арнайы бардым. Таудан аққан еріген қар суы өзен арқылы қалаға жетеді. Алайда бастау тұсында да жағдай мүшкіл: өзен ішінде көң, құрылыс қалдықтары жатыр. Өте ауыр жағдай, – дейді Сергей Ефремов.
Белсенділер қалдықтар жиналған орындар мен балық қырылған аумаққа «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» өкілін ертіп барып, жағдайды көрсетті. Қазіргі таңда өзеннің ластануы мен улануынан келген шығын көлемі есептелуде.
Балықтың қырылуына қатысты кінәлі тарап пен залалды өтейтін кәсіпорын анықталуда. Бадам өзені Түркістан облысындағы Қаржантау жотасынан басталып, Арыс өзеніне құяды. Жалпы ұзындығы 141 шақырым. Қырылған балық санын анықтау үшін жағалау бойымен есеп жүргізілді. Алғашқы учаскеде балық қырылуының тығыздығы жоғары екені анықталды, – деді «Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» маманы Саттар Әжіханов.
Алдын ала мәлімет бойынша, өзенде 900 келіден астам маринка балығы қырылған. Мұндай ауқымды ластанудың ұзақ мерзімді салдары әлі зерттелуде.
Мамандар тұрғындарды экология мәселесіне жауапкершілікпен қарауға және қалдықтарды дұрыс жою талаптарын сақтауға шақырады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, мұндай үндеулердің өзі кей жағдайда жеткіліксіз болып отыр.