9 мамыр – Жеңіс күні

9 Мамыр 2023, 07:29
3272
Бөлісу:
9 мамыр – Жеңіс күні
Фото: gov.kz

Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыстың тағдыры шешілген, шарықтау шегіне жеткен күн. Мұны КСРО құрамында болған, қазір тәуелсіз мемлекеттердің көбі Жеңіс күні ретінде атап өтеді. Олардың ішінде Қазақстан да бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Гитлер режимінің басқаруындағы Германия әскерінің КСРО аумағына шабуыл жасаған 1941 жылдың 22 маусымы ТМД елдерінің ресми тарихында 4 жылға созылған алапат соғыстың басталған күні болып есептеледі. Кез келген соғыстың экономиканы ондаған жылдарға артқа шегеріп, ұлттың тұрмыс сапасы мен демографиялық әлеуетін тежейтіні тарихтан белгілі. Сондықтан соғыстың біткені туралы хабарды «қара қағаздар» мен қалыптан тыс азапты жұмыстан титықтаған халықтың «жеңіс» деп қабылдауы заңды еді.

КСРО үшін жеңісті жақындатуға одақ құрамындағы Қазақ КСР-ның қосқан үлесі зор болғаны сонша, бұған дейін айтылмай келген талай деректер енді-енді сахнаға шығып жатыр.

1939 жылы одақ көлемінде жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрған екен. Төрт жылда Қазақ КСР-і аумағынан ғана 1 миллион 200 мың адам майданға аттанып, оның 601 мыңы қайтып оралған жоқ. 100 мыңнан астам қазақстандық соғыстағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі орден-медальмен марапатталды. Оның ішінде 99 майдангер Кеңес Одағының Батыры және Тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атақтарын алды.

«Совет-герман соғысы кезінде жауға атылған 10 оқтың тоғызы Шымкенттегі қорғасын зауытында құйылды» деген дерек бар. Соғыс жылдарында Қазақстан жалпы одақ бойынша мыс құймасының 30%, марганец кенінің 60%, мыс кенінің 50%, висмуттың 65%, полиметалл кендерінің 70%, мырыш өнімінің 85% өндірді.

Ал соғыс жылдарындағы ресми статистикаға сүйенсек, шайқасқа жарамсыз бала-шаға мен қариялардың, жарымжандар мен әйелдердің тылдағы еңбегінің арқасында Қазақстан майданға 500 мың тоннадан астам астық, 230 мың тоннадан астам картоп пен көкөніс, 250 мың тоннадан астам ет, 300 мың тоннадан астам сүт, 1,7 млн тонна жүн, 2,5 млн дана жылы киім жіберді. Тылдағы ел арып-ашып отырғанына қарамастан, ұрысқа деп 110 мыңнан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға деп 500 мыңнан астам мал жөнелтілген. Соғыстың зардабын еңбекпен еңсеріп жүрген тылдағы қазақстандықтардың қалтасынан 1941-1945 жылдары соғыс техникаларын жасауға 480,3 миллион рубль жинап алынған.

Бұл соғыс қазақ халқының этникалық бірегейлігіне де өзгеріс әкелді. 1941-44 жылдары республикаға 300 мыңнан астам алман ұлтының өкілі, 45 500 қарашай, 406 000 шешен мен ингуш, 21,150 балқар, 2 200 қалмақ, 4 500 қырым татарлары, 27 600 месхет түріктері және басқа да ұлт өкілдері жер аударылды.

1949 жылы КСРО бойынша кезекті санақ жүргізілуі керек болатын. Бірақ билік оны тағы 10 жылға шегерді. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғысты 6,2 млн адаммен қарсы алған Қазақстан қанша адаммен аяқтағаны туралы ресми дерек жоқ деуге болады.

Өзгелердің жаңалығы