89-баптың төңірегінде қоғам дүрлігіп жатыр: Депутаттардан жалғыз Бекболат Тілеухан қарсы шықты

4 Наурыз 2020, 16:47
44964
Бөлісу:
89-баптың төңірегінде қоғам дүрлігіп жатыр: Депутаттардан жалғыз Бекболат Тілеухан қарсы шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексі жобасы бірінші оқылымда талқыланды. 

Депутаттардан бұл заңның 89-бабындағы вакцинацияны міндеттеуіне қатысты тек Бекболат Тілеухан қарсы шықты. 

89-баптың төңірегінде қоғам дүрлігіп жатыр. Оны жасырмаймыз. Мен сайлаушылардың аманатын жеткізе отырып, 89-бапқа қарсы шығатынымды жеткізгім келеді. Жұмсақ күш, иландыра түсіндіру әдісімен көндірудің орнына бас-көз жоқ, міндеттеп, заңға қондырып, тізеге салудың қандай қажетілігі бар Елжан Амантайұлы? (денсаулық сақтау министрі Біртанов - ред.) үкімет күшіне сенбей ме, әлде еріне ме? Өркениетті елдерге тән қадамға жата ма? Мен өзім вакцинаға қарсы емеспін. Балаларыма салдырғанмын, өзімде кезінде алғанмын. Көзі ашық, есі дұрыс адамға айтса, түсінетін нәрсе ғой. Неге заңмен міндеттейміз? Бас прокуратурадан сұрайтыным, сонда бас тартқан адам Заң бұзған болып санала ма? Конституцияның 29-бабында әр адам денсаулығын қорғауға құқығы бар, бірақ міндеттей алмаймыз деп жазылған. Мына Заң осыған қайшы емес пе? Осыны маған түсіндіріп берсеңіздер, әйтпесе қоғамға түсіндіру қиын болады, - деді Бекболат Тілеухан. 

Депутаттың сауалына жауап берген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вакцинацияны міндетті түрде енгізу инфекциялық аурулардың алдын алу екенін түсіндірді. 

Вакцинацияны міндетті түрде енгізу - ол инфекциядан басқа азаматтардың денсаулығын сақтау. Себебі, қазіргі таңда балалардың ата-аналарының екпеден бас тартуынан бұрынғы инфекциялық аурулар қайта шығып жатыр. Бірақ одан тек қана сол балалар емес, басқа да көптеген медициналық ауруларға шалдыққан балалар сырқаттануда. Сонымен, көп мемлекетте кейбір вакциналар міндетті түрде салынады. Атап айтқанда, басқа азаматтардың денсаулығын сақтау - ол үкіметтің міндеті, - деді Елжан Біртанов.

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, екпе салуды Заңмен міндеттеу конституцияға қайшы емес деп отыр.  

Біздің конституциямыз екі баптан тұрады, жалпы бап пен арнайы бап. Біздің құндылықтарымыз адам, адамның өмірі, адамның денсаулығы деп біздің негізгі Заңымызда көрсетілген. Сондықтан, конституцияның жалпы бөлімі арнайы бөлімнен бір саты жоғары тұрады. Егер адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, біздің конституция сол жерде заңмен шектеу жасауға толық мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда конституцияға қайшы емес. Біздің 39-бабымызда көрсетілген, егер адамның өміріне, денсаулығына қауіп болса, басқа заңмен оның құқығын, яғни білім алу, еңбек ету құқығын шектеуге мүмкіндік бар. Өйткені, адамның өмірі ең құнды деп есептеледі. Біздің сараптамамыз бойынша конституцияға бұл нормалар қайшы келмейді, - деді Марат Ахметжанов.

Өзгелердің жаңалығы