Сәуірден бастап ШҚО су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады

4 Наурыз 2020, 16:30
1993
Бөлісу:
Сәуірден бастап ШҚО су қоймаларында балық аулауға тыйым салынады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аталмыш тыйым салу көктемгі уылдырық шашу мерзімінің жақындауына байланысты. 

Өңірдің өзен-көлдеріндегі балық қорын молайту мақсатында қолға алынатын шаралар еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің балық аулау қағидаларымен тығыз байланысты. Аталмыш құжатқа сәйкес, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын уылдырық шашу және көбеюі кезінде қорғау мақсатында облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясы арнайы бұйрық шығарып, суқоймалардың тыйым салынған бөліктерін белгіледі. 

Аталған бұйрыққа сәйкес, Зайсан көлінде және Қарақастан Баты шоқысына дейінгі Бұқтырма суқоймасының көл-өзен бөлігінде 16 сәуірден 30 мамырды қоса алғандағы аралықта, ал Баты шоқысынан Бұқтырма су электр станциясына дейінгі Бұқтырма суқоймасының терең бөлігінде 1 мамырдан 15 маусымды қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салынады. Сондай-ақ Шүлбі және Өскемен суқоймаларында, Өскемен су электр станциясынан Шүлбі суқоймасына дейін және Шүлбі су электр станциясынан Павлодар облысының әкімшілік шекарасына дейін Ертіс өзенінде 10 мамырдан 10 маусымды қоса алғандағы аралықта балық ресурстарын аулауға болмайды, - дейді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Фархат Байбазаров. 

Бұған қоса, Аягөз өзенінің жылғалары мен жайылымдарында 15 сәуірден 1 маусым аралығында, Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл көлдері мен олардың құяр сағаларында, шығанақтарында, Үржар, Бесқопа, Қатынсу, Емел, Ұялы, Қаракөл, Жіңішкесу, Шынжылы өзендерінде 10 сәуірден 1 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынды. 

Бұйрықпен бекітілген мерзімдер аралығында аудандық инспекциялар мамандары кәсіпшілік және әуесқойлық балық аулауға салынған тыйымның сақталуын қатаң бақылауға алып, Қара Ертіс өзенінің атырауы, Солтүстік Батыс тыйым салынған аймағы, Торанға және Үлкен Нарын шығанақтары сияқты уылдырық шашудың табиғи жерлерін қадағалайтын болады, - деп қосты инспекция маманы.


Өзгелердің жаңалығы