85 мың теңге, зиянды жұмыс, кредит. Қошанов Жолдаудағы негізгі мәселелерді атады

1 Қыркүйек 2023, 13:20
1547
Бөлісу:
85 мың теңге, зиянды жұмыс, кредит. Қошанов Жолдаудағы негізгі мәселелерді атады
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көтерген негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Экономиканы трансформациялау, азаматтардың тұрмысын жақсарту бойынша ауқымды міндеттер қойылды. Біз кеше ғана өңірлерді аралап келдік. Сондықтан халықты толғандырып отырған мәселелерді жақсы білеміз, - деді Қошанов.

Сөзінше, ол – әр отбасының берекелі өмір сүруі, тұрақты жұмыс, лайықты жалақы, балалардың амандығы мен қауіпсіздігі. Ең бастысы – еліміздегі тыныштық, бейбітшілік пен тұрақтылық.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін осы және жұртшылықты алаңдатқан өзге де мәселелердің бәріне нақты жауап берді. Президент азаматтарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты назарында екенін тағы да айқын көрсетті. Мәселен, келер жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтеріледі, - деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошановтың айтуынша, бұл шара аясында 1,8 миллион адамның ең төменгі жалақысы өседі. Оның 350 мыңы бюджет саласының қызметкерлері.

Сонымен қатар, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау туралы тапсырма берілді. Мұны мемлекет қамқорлығының нақты мысалы дер едім. Бұл мәселе сайлаушыларымыздың тарапынан талай рет көтеріліп, көптен бері шешімін таппай келеді. Тұрғындардың кредитті шамадан тыс алуы да Президентті қатты алаңдатып отыр. Соңғы кездері бұл әлеуметтік шиеленістің негізгі себебінің біріне айналып келеді, - деп түсіндерді ол.

Қошанов атап өткендей, бүгінгі таңда елімізде миллионнан астам қазақстандық несиесін төлей алмай отыр. Мемлекет басшысы бұған да нақты жауап берді. Осы орайда азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымын кеңейтуді тапсырды.

Халықтың тұрмыс сапасы экономикалық өсімге тікелей қатысты. Ал жаңа экономикалық серпіліс жасау үшін мемлекетімізде мүмкіндік мол. Мұны Президентіміз ерекше атап өтті. Бұл – қазіргі күрделі жағдайда елдің бүкіл экономикалық моделін қайта қарауды талап ететін ауқымды міндет. Біздің экономикамыз тиімді болуы керек. Осы жолда еліміздің барлық артықшылығы мен мүмкіндігін дұрыс пайдалануға тиіспіз, - деп айтты Мәжіліс төрағасы жалпы отырыста.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жариялағанын еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы