8 өңірде ауыр жүк тасығыш көліктерге қойылған уақытша шектеулер алынды

19 Тамыз 2020, 08:44
1216
Бөлісу:
8 өңірде ауыр жүк тасығыш көліктерге қойылған уақытша шектеулер алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 тамыздан бастап Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (Қарағанды өңірі), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауыр жүк тасығыш көліктердің қозғалысына қойылған уақытша шектеулер алынды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еске сала кетсек, жазғы кезеңде мұндай көліктердің қозғалысына шектеулер 1 маусым мен 15 тамыз аралығында сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін ауа температурасы 25 градустан жоғары болған кезде енгізілген болатын.

Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған өңірі), Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында ауыр жүк тасығыш көліктердің қозғалысына қойылған шектеулер 31 тамызға дейін сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін ауа температурасы 25 градустан жоғары болған жағдайда күшін сақтайды.

Жеке білігіне 8 тоннадан астам жүктеме түсіретін жүк көліктерінің қозғалысына шектеулер жыл сайын енгізіледі. Бұл шектеулер халықаралық келісімдерге сәйкес жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауды, төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын, тез бүлінетін тауарларды, жолаушыларды, жүктерді, бөлуге келмейтін көлемді әрі ауыр жүктерді Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіп бойынша тасымалдайтын көліктерге, сондай-ақ, жолдарда қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін мердігер ұйымдарға берілген көліктерге қатысты емес, - деп атап өтті ведомстводан. 

Өзгелердің жаңалығы