Елорда тұрғыны 2023-2025 жылдар аралығында жұмыс істеген қаржы пирамидасын ұйымдастырып, оған 6,2 мыңнан астам адамды тартқан. Қылмыстық схема арқылы оның 337 млн теңге көлемінде табыс тапқаны анықталды.
Сотта азаматтың қаржы пирамидасын ұйымдастырып, басқарғаны дәлелденген. Соған қарамастан, оған мүлкі тәркіленбестен, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Бас прокуратура соттың бұл шешімімен келіспей, тағайындалған жазаны тым жеңіл деп бағалаған.
Прокурордың наразылығын кассациялық сот қарады. Нәтижесінде сот төменгі инстанциялардың сот актілерінің күшін жойып, қылмыстық істі жаңа сот талқылауына жіберді, - деп хабарлады Бас прокуратура.
Осылайша, қаржы пирамидасын ұйымдастырған елорда тұрғынына қатысты істі сот қайта қарайтын болды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтауда Африкадағы алмазға сенген 1000-нан астам салымшы қаржы пирамидасына алданды. «Sax Invest» қаржы пирамидасын құрған және оған басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шығарылды.
Сондай-ақ, Қызылордада қаржы пирамидасын ұйымдастырған азамат 5 жылға сотталды. Ол салымшыларға күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түсетінін уәде еткен.