Испанияның көлік министрі Оскар Пуэнте Урда қаласында болған теміржол апатынан кейін қызметінен кететінін мәлімдеді. Қайғылы оқиға салдарынан 69 адам қаза тапқан.
Euronews-тің хабарлауынша, министр бұл шешімін ел мен демократия үшін дұрыс қадам деп атап, саяси жауапкершілікті мойнына алатынын жеткізді. Сондай-ақ алдағы кезектен тыс парламенттік сайлауға қатыспайтынын мәлімдеді.
Пуэнте өз сөзінде Мадрид – Севилья бағытындағы жүрдек теміржол желісінің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, Үкімет инфрақұрылымды жаңғыртуға 780 миллион еуро бөлуді көздейтін жоспарды іске қосқан.
Министр теміржолдағы қауіпсіздікті күшейту үшін жаңа технологиялық құралдар енгізілгенін де айтты. Алайда оппозиция өкілдері оның жұмысын сынға алып, көлік министрінің міндеті апаттың себептерін түсіндіру ғана емес, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу екенін мәлімдеді.
Осы оқиғадан кейін Испаниядағы теміржол қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық күшейді. Бұған дейін Мадрид–Севилья бағытында болған тағы бір пойыз апатынан 46 адам қаза тапқан. Ал теміржол саласының қызметкерлері қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етіп, 17 қарашада ереуіл өткізуді жоспарлап отыр.