65 жылдық вокзал адам танымастай өзгерді: Жетісу станциясы жаңартылды

1959 жылы салынған Жетісу станциясының вокзалы толық жаңғыртылды. Ғимараттың аумағы екі есеге ұлғайып, жолаушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды.

23 Шілде 2026, 15:01
АВТОР
 ҚР Көлік министрлігі 23 Шілде 2026, 15:01
23 Шілде 2026, 15:01
185
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Алматы облысындағы Жетісу станциясы теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. Жаңартылған нысан жолаушылар үшін кең, заманауи әрі жайлы болып, қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына толық сай келеді.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, 1959 жылы салынған теміржол вокзалы толық жаңғыртылды. Қайта жаңарту нәтижесінде ғимараттың жалпы аумағы екі есеге жуық, яғни 135,7 шаршы метрден 258,3 шаршы метрге дейін ұлғайды. Бір қабатты вокзал ғимараты жолаушылар мен теміржол саласы қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін заманауи инфрақұрылыммен жабдықталды.

Қайта жаңарту барысында шатырды монтаждау, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілерін жаңарту жұмыстары орындалды. Сондай-ақ перрон қайта жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды және заманауи жиһаздар орнатылды, - делінген хабарламада.

Жетісу станциясының теміржол вокзалы 3-санаттағы вокзалға жатады. Станция арқылы күн сайын Алматы, Алтынкөл, Сарыөзек және Қапшағай бағыттарына қатынайтын төрт жолаушылар пойызы өтеді.

Еске сала кетейік, вокзалды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Алматы облысында бұл бағдарлама төрт теміржол вокзалын қамтиды: Қонаев, Шамалған, Жетісу және Қазыбек бек (Ұзынағаш).

Маусым айында жаңғыртудан өткен Қонаев станциясының теміржол вокзалы пайдалануға берілді. 1978 жылы салынған вокзал толық жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді.

Еске салсақ, бұған дейін Қарасор мен Шетпе теміржол вокзалдары жаңа кейіпке енгенін хабарладық.

Сондай-ақ, Ақмола облысында жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Наверх