Ақмола облысында жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Жақсы ауданындағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп, жолаушыларға есігін қайта ашты.

 Ақмола облысының әкімдігі 18 Шілде 2026, 11:48
18 Шілде 2026, 11:48
154
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысының Жақсы ауылында күрделі қайта жаңғыртудан кейін теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Нысан теміржол инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасы аясында жаңғыртылды. Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

«Вокзалдарды қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр. Өңірде 16 теміржол вокзалы жаңартылуда. Бұл – ел өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Күрделі жөндеуден кейін Щучинск, Шортанды, Макинск және Ақкөл қалаларындағы вокзалдар пайдалануға берілді. Теміржол вокзалы – елді мекеннің бет-бейнесі. Бүгін біз жаңартылған ғимаратты ғана емес, Жақсы ауданының дамуына қосымша серпін беретін заманауи, жайлы әрі қолжетімді инфрақұрылымды ашып отырмыз», – деді Елдос Рамазанов.

Жақсы станциясының вокзалы тәулігіне 65 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге арналған және қазірдің өзінде жолаушыларды жаңартылған жағдайда қабылдап жатыр. 1960 жылы салынған ғимарат алғаш рет күрделі қайта жаңғыртудан өтті. Қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, вокзал маңы аумағы абаттандырылды, инженерлік желілер жаңғыртылды. Жолаушылар перронының ұзындығы 503 метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар вокзалда ана мен бала бөлмесі және қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған санитарлық торап жабдықталды.

Жақсы станциясында 35 жылдан астам еңбек еткен теміржол саласының ардагері Атымтай-Жомарт Бөкембаев бұл өзгерістер вокзал тарихындағы ең ауқымды жаңғырту болғанын айтты.

Бұрын мұнда көмірмен жылытылатын болса, қазір бәрі жаңғыртылды. Вокзалдың іші де, сырты да заманауи талаптарға толық сай келеді. Жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақтарына қолайлы жағдай жасалды, – деді ардагер.

Айта кетейік, қайта жаңғырту жұмыстарын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өз қаражаты есебінен жүргізді. Сонымен қатар компания жаңа теміржол желілерін салуды, магистральдық желіні жаңғыртуды, локомотивтер мен вагондар паркін жаңартуды, сондай-ақ заманауи цифрлық технологияларды енгізуді қамтитын теміржол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.

Жұмыс сапары барысында Елдос Рамазанов Жақсы ауылындағы жастардың демалыс орталығы мен бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңдарында болды. Сондай-ақ Атбасардағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді.

Наверх