500 мың таксист пен 200 мың курьер мемлекетке салық төлейді

15 Наурыз 2023, 17:00
2007
Бөлісу:
500 мың таксист пен 200 мың курьер мемлекетке салық төлейді
Фото: ашық дереккөз

Яндекс таксидің 500 мың жүргізушісі және Glovo-ның 200 мың курьері салық төлейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Сенатта Әлеуметтік кодекс жобасы мен ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау кезінде белгілі болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, Яндекстің 500 мың жүргізушісі салық төлейді.

Еңбек нарығын ырықтандыру – икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін, оның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдауды қарастырады, - деп атап өтті министр.

Еңбекмині басшы осы санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау енгізіліп отырғанын айтты. Олар - табыс әкелетін еңбек қызметімен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркелмеген тұлғалар.

Мұндай қызметкерлердің қызметі онлайн платформалар опциясына қосқан немесе жария шарт жасаған жағдайда ресми жұмыспен қамтылған деп танылады. Мысалы онлайн Яндекс платформасына тіркелген таксистер, Glovo платформасындағы курьерлер осындай санаттағы жұмыскерлер қатарына жатады, - дейді Дүйсенова.

Министрдің айтуына қарағанда, қазір елімізде тек Яндекс таксидің өзінде 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ал Glovo-да 200 мың адам.

Жалпы платформалық жұмыста миллионға жуық азамат жұмыс істейді. Оларға осы жұмыс икемді, табыс көзінің бірі болғандықтан бүгінгі жұмысына ешқандай кедергі келтірмейтін, бірақ оларды формальды жұмыс істеп жүрген азамат ретінде тану үшін, егер сол платформаға кірген болса, яғни жария келісімшартқа қол қойса, онда ол азамат тәуелсіз жұмыскер ретінде танылады, - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова Сенаттың жалпы отырысында.

Әлеуметтік кодексте платформа салық агенті ретінде қарастырылып жатыр. Яғни мұндай азаматтар үшін салыққа немесе әлеуметтік қамсыздандыруға төленетін қаражаттарын салық агенті ретінде платформаның операторлары төлейді.

Не болмаса азаматтың өзі жеке кәсіпкер ретінде төлейтіндей мүмкіндікті қарап отырмыз. Ол азаматқа әлеуметтік төлем төленсе, оның қажетті көмекті алуына құқығы болады, - деп толықтырды сөзін министр Дүйсенова.

Өзгелердің жаңалығы