Непал мен Тибет шекарасындағы жойқын тасқын: Тоғыз адам қаза тауып, жүздеген турист жоғалды

Әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та тараған бейнежазбаларда адамдардың қатты ағысқа ілесіп кеткені көрінеді.

26 Тамыз 2026, 17:48
АВТОР
 Reuters 26 Тамыз 2026, 17:48
26 Тамыз 2026, 17:48
130
Фото: Reuters

Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық өңірі шекарасында болған кенеттен болған жойқын тасқын салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, жүздеген турист із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оқиға сәрсенбі күні Гималай тауларындағы шекара маңында тіркелген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тау беткейінен үлкен көлемдегі лай мен тас өзенге құлап, оның арнасын бөгеген. Reuters мәліметінше, соның салдарынан Непал аумағында алапат тасқын жүріп, елді мекендерге зор зиян келтірген.

Әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та тараған бейнежазбаларда адамдардың қатты ағысқа ілесіп кеткені көрінеді. Непал және Қытай билігі қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтып, іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Табиғи апат салдарынан Непалда тұрғын үйлер, жолдар мен электр станциялары қираған. Ал Тибеттегі Гиронг ауданында да көшкіннен кейін айтарлықтай адам шығыны болуы мүмкін деген қауіп бар.

Непал сыртқы істер министрі Шисир Ханалдың мәлімдеуінше, алғашқы ақпараттар өңірде болған жер сілкінісі қар көшкінін қозғап, кейін тасқынға себеп болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Непалдың Туризм басқармасы жариялаған дерек бойынша, өңірде кемінде 384 саяхатшы жоғалып кеткен. Олардың арасында 105 Үндістан азаматы, 93 непалдық, АҚШ-тың үш және Ұлыбританияның 12 азаматы бар.

Ал Оңтүстік Кореяның Yonhap агенттігі Непалда шамамен сегіз кореялық азаматтың да із-түзсіз жоғалғанын хабарлады.

Тасқын қаупіне байланысты Үндістанның Непалмен шектесетін халқы тығыз орналасқан Уттар-Прадеш және Бихар штаттарында су тасқыны жөнінде ескерту жарияланды.

Қытай аумағындағы бақылау камералары түсірген кадрларда адамдардың тау жақтан келген лай, тас және су массасынан қашып бара жатқанын көруге болады. Апат бірнеше ғимарат пен көлікті қиратып, көптеген адамның өмірін жалмаған.

Көшкіннің нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Алайда Германияның Геоғылымдар зерттеу орталығы (GFZ) бақылау камераларындағы оқиға уақытына дейін шамамен жеті минут бұрын магнитудасы 4,4 болатын жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады.

Катмандуда орналасқан Таулы өңірлерді кешенді дамыту халықаралық орталығының климаттық және экологиялық тәуекелдер бөлімінің жетекшісі Цянгун Чжанның айтуынша, тасқынға Непал аумағындағы Лхенде-Кхола өзеніне мұз бен тастардың опырылып құлауы себеп болуы мүмкін. Дегенмен бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Мамандар өңірде жағдай әлі де күрделі екенін айтып, жаңа көшкіндер мен қайталама тасқындардың болуы мүмкін екенін ескертуде.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Индиана штатындағы су тасқынынан кемінде 7 адам қаза тапты

Наверх