11 адамның өліміне себепкер болған жүргізуші 5 жылға сотталды

6 Қараша 2019, 09:39
4712
Бөлісу:
11 адамның өліміне себепкер болған жүргізуші 5 жылға сотталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11 адамның өліміне кінәлі деп танылған автобус жүргізушісі ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталды. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл 20 сәуірде  сағат 05.00 шамасында "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" тасжолында Toyota camry автокөлігінің жүргізушісі Mercedes benz 814 автокөлігімен соқтығысқан. Осыдан кейін Toyota camry жол қауіпсіздігінің темір қоршауына соғылған.

Сол бағытта жүріп келе жатқан Wan hool автобусының жүргізушісі жол қозғалысы ережелерінің 10,1 тармағының талаптарын бұза отырып, басқа да жол қозғалысы қатысушыларына қатысты қауіпсіздік шараларын сақтамай,  Toyota camry автокөлігімен соқтығысқан. Автобус жүргізушісі рөлге  ие бола алмай қалып, көлік аударылған.

Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде автобустың 11 жолаушысы қайтыс болып, екі жолаушы ауыр дене жарақаттарын және сегіз адам орташа дене жарақаттарын алды.

Қордай аудандық соты жүргізушіге қатысты қылмыстық істі қарап, оған тағылған айыптар бойынша келесі негіздермен кінәлі деп тапты.

Жүргізуші өз кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне өкінішін білдірді. Сот сотталушының шынайы өкінгенін, тұрғылықты жері бойынша жақсы мінездемесі бар болғанын, бұрын сотталмағандығын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларға жатқыза отырып, сондай-ақ оның іс-әрекетін ауырлататын мән-жайлардың болмауын есепке алды. ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігінің ("Көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан бұзуы") санкциясымен белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Сот  жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айырып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындады. Одан жәбірленушілерге өтемақы қорына 15 АЕК міндетті төлем өндіріліп алынды,- делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 



Өзгелердің жаңалығы