Адамдар 5 литрлік бөтелкедегі құйылмалы арақтан қырылуда

30 Шілде 2020, 16:29
8821
Бөлісу:
Адамдар 5 литрлік бөтелкедегі құйылмалы арақтан қырылуда

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан алкоголь нарығының қатысушылары елде контрафактілік өнімдердің артқанына алаңдап отыр. "КазАлкоТабак" қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің дерегінше, бұл соңғы жылдары алкоголь акцизі бес есе көтерілген соң болған.  

2019 жылы алкогольдің заңды нарығына тықыр таяды. Егер 2013-2014 жылдары Қазақстанда жылына 40-45 млн литр ішімдік өндірілсе, 2019 жылы оның көлемі екі есеге азайып, 20 млн литрге дейін төмендеді. Ал тұтыну көлемі бұрынғы деңгейде қалды. Себебі, азаматтар оның орнына арзан контрафактілік арақтарды сатып алып, іше бастады, - дейді қауымдастық президенті. 

Ақпараттық порталдардың жазуына қарағанда, пандемия уақытында елімізге этил спиртін антисептик деген желеумен, тонналап жеткізіп жатыр. Ол сосын астыртын жолмен араққа айналып, бес литрлік пластик құтыларымен сатылымға шығарылады. Биыл мамырда жедел алдын алу шаралары барысында Алматы облысы Экономикалық тергеу департаменті 30 литр этиль спиртінің заңсыз тасымалы мен оның астыртын өткізілетінін анықтаған. Ал маусым айында "Қарасу" шекара бекеті арқылы жүк көлігімен инвазивті емес өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппаратын алып өтпек болған тұлғалардан 11 тонна этиль спирті тәркіленді. Олар заңсыз тауарды антисептик ретінде жалған құжаттар рәсімдеу арқылы әкеле жатқан.      

Соңғы бірнеше айда суррогат алкогольден 27 қазақстандық қайтыс болды. 

Адамдар бөтелкеге құйылған қауіпті арақты тұтынған соң, уланып, қайтыс болып жатыр, - дейді "КазАлкоТабак" қауымдастығының президенті. 

Шілде айының өзінде ғана Ақмола облысында суррогаттық алкогольден 18 адам уланған. Олардың ішінде 12 адам өмірден өткен. Өлімге уланудың әсерінен болған өткір геморрагиялық панкреатит себеп болған. Қостанай облысында "этанолдан уланған" деген диагнозбен 13 адам жансақтау бөліміне жеткізіліп, олардың 11-і қайтыс болды.  

Ақмола облысы Жақсы ауданы Жаңа Қима ауылында осы кезеңде 4 адам өмірден өтті. Олардың 5 литрлік "баклажка" ыдысқа құйылған жасанды арақтарды сатып алып, ішкені белгілі болды. 

Зертханалық тексерулер барысында 8 түрлі сынаманың ешқайсысы талапқа сай болмаған. 

QazSpirits алкоголь және никотинді құрамы бар өнімдерді өндіруші және импорттаушы қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуковтың сөзіне қарағанда, заңды жолмен жүрген кәсіпорындардың беделіне нұқсан келіп жатыр. Егер оның бренді мен атауы қылмыстық жолмен жасалып, таратылса, айтарлықтай нұқсан болады. Жақын шетелдерде қазақстандық танымал өнімдер астыртын жолмен жасалып, ешқандай акцизсіз немесе сапасы қадағаланбаған күйде саудаға түскен.   

Контрафактілік және суррогат өнімдерден тыс "коньяк" деп аталатын тауарлар да коньяк спиртінен емес, ректификацияланған бидайдан жасалған. Бұл дегеніңіз - бояулы арақ. Себеп қандай? Себеп - коньяк пен брендиге арналған акциз мөлшері араққа қарағанда 1 есе төмен, - дейді Дмитрий Жуков.  

Ал Әміржан Қалиев елде астыртын арақ өндірісі мен нарықтағы алкоголь өндірісінің жағдайы жаға ұстатарлық екенін айтады. Оны бір арнаға түсіріп, қалыпты жағдайға келтіру үшін бірқатар ұсыныс білдірді. 

Біріншіден, араққа акцизді төмендету керек, екіншіден, шекарадағы қырағылықты арттырып, пластик құтымен сатылып жатқан арақтардың кіруіне тыйым салу керек. Соның ішінде Қырғызстаннан келіп жатқан өнімдерді шектеу керек. Себебі, ол елде акциз екі-үш есе төмен, - дейді ол.

Дмитрий Жуковтың айтуынша, елде заңды алкоголь өнімдеріне деген салықтық ауырпалықтарды азайту - ең дұрыс шешім: прогрессивтік шкала құру қиын емес, ол арақты тұтынуға деген стимулды арттырмайды, тек бағаны реттейтін болады.   

Біз мемлекеттік ведомстволарға осы тығырықтан шығудың түрлі жолдарын ұсындық. Ол астыртын арақ өндірісін жойып, қазынаға салықтың түсімін арттырады. "Баклажкамен" сатылатын арақтардың саудасына қоғам болып қарсы тұрып, оларды сататын нүктелерге қатаң бақылаулар орнату маңызды, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы