450 болашақ офицер «Кітап оқитын ұлт» марафонына белсенді қатысуда

Погон таққан оқырмандар: Болашақ офицерлер демалыс күнін кітапханада қалай өткізеді?

 Ұлттық ұланның баспасөз қызметі 26 Қараша 2026, 17:53
26 Қараша 2026, 17:53
174
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Бүгін «Кітап оқитын ұлт» марафонының 73-күні. Қатысушылардың алдында тағы 103 күн бар, ал қазір олар он бес кітаптың жетіншісін оқуда. Осы уақыт аралығында қатысушылар 1,8 млн-нан астам кітап оқып, 104 мыңнан астам бейнепікір жариялады, жалпы 453 млн-нан астам ұпай жинады.

Ел бойынша ең жоғары белсенділіктің бірін Солтүстік Қазақстан облысы көрсетіп отыр. Мұнда белсенді оқырмандардың үлесі 84,6% — бұл үнемі кітап оқып, пікір жазып, марафон бағдары бойынша алға жылжып келе жатқан 16 976 адам.

Жоғары оқу орындарының студенттерін ерекше атап өткен жөн. Облыста «Кітап оқитын университет» бағыты бойынша 1 200-ден астам студент қатысуда.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы курсанттары ерекше белсенділік танытуда — марафонға 450 болашақ офицер қатысуда.

Академия басшылығы курсанттардың кітап оқуына қолайлы жағдай жасап, барлық мүмкіндікті қарастырған. Курсанттар демалыс күнін — жексенбіні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткізеді. Бұрын жексенбі кітапхананың демалыс күні болатын. Курсанттар өздеріне ыңғайлы уақытта келе алуы үшін кітапхана оларға қолдау көрсетіп, жексенбіні жұмыс күніне айналдырды, ал демалысты аптаның басқа күніне ауыстырды.

«Курсанттарды демалыс күні кітапханаға алғаш алып келгенімізде, шынымды айтсам, алаңдадым. Он сегіз жастағы бозбалалар жалғыз бос күнін кітап оқумен өткізгісі келе ме екен деген ой болды. Кейін олардың оқығандары туралы пікір таластырып, бір-біріне кітап ұсынып, оқу залында жабылғанға дейін отырып қалатынын көрдім. Офицер — сарбаздарын соңынан ерте білетін адам. Ол үшін жалғыз тәртіптің өзі жеткіліксіз. Адамды түсініп, жүрекке жол табатын сөз айта білу керек. Осыны кітап үйретеді», – дейді Арман Сыздықов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы 2-оқу батальоны командирінің орынбасары.

«Үйде аз оқитынмын, үнемі уақыт жоқ сияқты көрінетін. Ал мұнда жексенбі ең сүйікті күніме айналды. Таңертең кітапханаға барамыз, сонда асықпай, кітаппен оңаша қалуға болады. Қазір марафонның жетінші кітабын бастадым. Ата-анама қоңырау шалғанда, оқуым туралы ғана емес, оқыған кітаптарым туралы да айтамын. Анам менің басқаша, ересек адамша сөйлей бастағанымды айтады. Сірә, солай шығар», - дейді Алпамыс Есбалаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы бірінші курс курсанты.

Бүгінде Ұлттық ұлан академиясы мен С. Мұқанов атындағы кітапхана арасында жүйелі өзара іс-қимыл қалыптасқан. Мекемелер 2020 жылдан бері ынтымақтастық орнатқан. Олардың ортақ мақсаты — кітапты насихаттау, оқу мәдениетін дамыту, болашақ офицерлердің ой-өрісін кеңейту және олардың бойында отандық және әлем әдебиетіне деген қызығушылықты қалыптастыру. «Кітап оқитын ұлт» марафоны осы серіктестіктің жаңа кезеңіне айналды.

«Біз үшін оқу залының толы болғанынан артық қуаныш жоқ. Әр жексенбі сайын бізге әскери киім киген жас жігіттер келеді — жинақы, сыпайы, ықыласты. Олар қазақ классиктерінің шығармалары мен әлем әдебиетін алып, сұрақ қояды, енді не оқу керектігі жөнінде кеңес сұрайды. Демалыс күнін ауыстыру ұжымымыз үшін мүлдем қиын шешім болған жоқ. Біз оқырман үшін жұмыс істейміз, ал оқырман жексенбі күні келсе — демек, жексенбі күні кітапхана ашық болуы тиіс. Академиямен достығымызды мақтан тұтамыз және кітап болашақ офицерлер өмірінің бір бөлігіне айналғаны үшін оның басшылығына алғыс айтамыз», – дейді Бейбітгүл Әбілмажинова, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының ұйымдастыру комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы басшылығына және Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұжымына шынайы алғысын білдіреді. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі көрсеткендей, мекемелер оқырманға қолдау көрсеткенде кітап күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналады. Тіпті күн тәртібі қатаң, әр минуты есепте тұрған курсант өмірінде де кітапқа уақыт табылады.

Наверх