Сәуірде 45 мың медқызметкер қосымша төлем алуға өтініш білдірген

5 Мамыр 2020, 16:58
1487
Бөлісу:
Сәуірде 45 мың медқызметкер қосымша төлем алуға өтініш білдірген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басқарма басшысының орынбасары Марат Шоранов айтты.

Жалпы, республикалық бюджеттен коронавирус індетімен күресу шараларына 56 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның 14,7 миллиарды инфекциялық карантиндік және провизорлық стационарларда жатқан науқастарды емдеуге арналған. 5,4 млрд теңге ПТР-тесттерге, провизорлық емханаларда жасалатын анализдерге бөлінді. Сонымен қатар, 36 млрд теңге дәрігерлердің жалақысына қосымша төлем жасауға арналған, - деді ол.

Марат Шорановтың мәліметінше, наурыз айында 17 700 медициналық қызметкер еңбекақысына қосымша төлем алған. Төлемнің жалпы көлемі 3,4 млрд теңге.

Елдегі эпидемиологиялық жағдай сәуір айының басында нашарлай бастады, жұмысқа тартылған медицина қызметкерлерінің саны артты. Денсаулық сақтау басқармаларымен келісе отырып, біздің әр өңірден жинаған алдын ала болжамды мәліметтерімізге сәйкес, сәуір айында қосымша төлем алуға өтініш білдірген медицина қызметкерлерінің саны шамамен 45 мың адамды құрайды. Бұл наурыздағыдан үш есе көп. Тиісінше, аумақтық комиссиялар алдағы күндері, дәл бүгін немесе ертең, өздерінің аймақтық комиссияларының жұмысын аяқтап, бізге тізімді ұсынуы керек. Біз өз кезегімізде, ақшаны бізбен келісімшарты бар әр медициналық ұйымға жеткіземіз, - деді Шоранов.

Сондай-ақ, ол мониторинг кезінде қосымша төлем жасауда белгілі бір мәселелердің анықталғанын айтты.

Наурыз айында ақпараттық жүйеге енгізіп үлгермеген қызметкерлер санаты бар, бұл шамамен 83 миллион теңгені құрайды. Сонымен бірге, біз кейбір жерде екі еселенген немесе жәрдемақы дұрыс тағайындалмаған жайттарды көріп отырмыз. Біз бұл мәліметтерді әр комиссияға жеткіземіз және бұл мәселелердің барлығы жолға қойылуы керек, - деді Марат Едігеұлы.

Өзгелердің жаңалығы