4,5 млн теңге аударған: Астанада жиһаз жасаймыз деп 19 адамды алдағандар сотталды

Instagram-дағы жарнамаға сенген тұрғын жиһазға 4,5 млн теңге төлеген. Артынша байланыс үзілген. Осы схема бойынша 19 адам зардап шеккен.

7 Қыркүйек 2026, 11:49
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 7 Қыркүйек 2026, 11:49
7 Қыркүйек 2026, 11:49
178
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Астанада тапсырыспен жиһаз дайындауға қатысты алаяқтық схема әшкереленді. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасы хабарлады.

Жәбірленуші Instagram әлеуметтік желісіндегі жиһаз дайындау туралы жарнаманы көріп, шарт жасасқан. Өлшемдер алынғаннан кейін ол 4,5 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат аударған. Осыдан кейін екі алаяқ онымен байланысқа шығуды тоқтатқан.

Олардың әрекеттерінен 19 азамат зардап шегіп, келтірілген залалдың жалпы сомасы 24,6 млн теңгеден асты.

Сотта мемлекеттік айыптаушы екі сотталушының кінәлілігін дәлелдейтін барлық дәлелдемелерді ұсынды.

Сот үкімімен олардың әрқайсысына 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айырылды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылып, келтірілген залал сотталушылардан өндіріп алынуға жатады.

Прокуратура азаматтарды ақшалай қаражатты қолма-қол немесе жазбаша шарт жасаспай жеке банк картасына аудармауға, төлемді растайтын чек пен құжаттарды талап етуге, сондай-ақ шартта жиһаздың өлшемдері мен материалдарын, бағасын, дайындау және орнату мерзімдерін, сондай-ақ мерзімін өткізіп алғаны үшін жауаптылықты нақты көрсетуге шақырады.

Еске салсақ, Алматыда азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қарыз алушылардан дербес деректер мен электронды қолтаңба талап етілген. Кейін мәміленің шарттары бастапқы уәдеден өзгеше болып шыққан.

Наверх