42 жас, квота, күту парағы. ЭКО жайында не білу керек

10 Қазан 2023, 18:45
1038
Бөлісу:
42 жас, квота, күту парағы. ЭКО жайында не білу керек
Фото: BAQ.KZ - архив

Экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жоғары технологиялық және қымбат медициналық қызметтерге жатады. Бұған дейін ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алайда қаржыландыру аз болғандықтан, жылына шамамен 900-1000 квота ғана бөлінетін. 2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7 000 квота бөлуді көздейтін "Аңсаған сәби" бағдарламасы іске асырылуда. Осылайша, ЭКҰ-ға бөлінетін квота саны жеті есе өсті. 

Заманауи медицинаның және мемлекеттік қолдаудың арқасында сәби күткен отбасылардың балалы болу мүмкіндігі артты. Бедеуліктің түрлі көрсеткіштері анықталған пациенттер МӘМС шеңберінде экстракорпоралды ұрықтандырудың қымбат рәсімінен тегін өте алады.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Бұл дегеніңіз, Қазақстанда әр алтыншы жұп бала сүюді аңсайды деген сөз.

Жыл сайын қордан 7000 ЭКҰ шараларына қаржы бөлінеді. Квоталар барлық 20 аймаққа, репродуктивті жастағы әйелдердің санына қарай бөлінеді.

Астана қаласы бойынша 2021 жылға 487 квота, 2022 жылы 518 квота бөлінді, ал 2023 жылы бұл сандар 554-ке дейін өсті.

МӘМС аясында ЭКҰ рәсіміне квота алу процесі айтарлықтай жеңілдеді. Үміткерлер сәйкес келуі тиіс барлық талаптар "Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-272/2020 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 15 ақпандағы № 23 бұйрығында мазмұндалған.

"Аңсаған сәби" бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар квота (ерлер мен әйелдердің бедеулігінің әр түрлері) сұрай алатын көрсеткіштер тізбесі кеңейтілді, ФСГ және кариотиптің қанағаттанарлық талдаулары кезінде жүргізілетін азооспермияның обструктивті түрінде жасанды ұрықтандыруды пайдалану рәсімі МӘМС жүйесіне енгізілді.

ЭКҰ үшін негізгі көрсеткіш – гормоналды және хирургиялық түзетуге келмейтін бедеулік. Әйелдер үшін ең маңызды көрсеткіштер – аналық без қорының жеткілікті болуы және жүктілік үшін денсаулыққа қарсы көрсетілімдердің болмауы. Тіркелген жері бойынша емханада "бедеулік" диагнозы бойынша диспансерлік есепте тұрған, МӘМС жүйесінде сақтандырылған ерлі-зайыптылар (ресми және азаматтық некеде тұрған) квотаға үміткер бола алады. Олардың медициналық деректерін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының МӘМС шеңберінде ЭКҰ-ға квоталарды бөлу жөніндегі жұмыс тобы мұқият қарайды – деп түсіндіреді Астана қаласының №2 көпсалалы ауруханасы директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Сәуле Жамантайқызы Ибраева.

Денсаулық сақтау министрлігінің 19.06.2023 жылғы № 355 "Қазақстан Республикасында қосалқы репродуктивті технологиялар жүргізу үшін ерлі-зайыптыларды іріктеу және жолдама беру жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы" бұйрығына сәйкес, республикалық бюджет қаражаты есебінен қосалқы репродуктивті технологияларды қолдана отырып, бедеулікті емдеу үшін ерлі-зайыптыларды іріктеу критерийлері әзірленді. Осы бағдарламаға қатысатын ерлі-зайыптылардың Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болуы міндетті. Пациент Қазақстан азаматшасы болуы тиіс және "Күту парағы" тізіліміне енгізілген кезде оның жасы 42 жастан аспауға тиіс.

Экстракорпоральды ұрықтандыру үшін ерлі-зайыптылар клиниканы өздері таңдайды. Қазақстанда аталған ем-шараны 19 медициналық ұйым көрсетеді, оның төртеуі Астанада орналасқан: бұл – "University Medical Center" корпоративтік қоры, "Геном Астана" ЖШС, "Астана Эколайф" ЖШС және "Экомед плюс" ЖШС.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынің мәліметінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ЭКҰ рәсімін жылына бір рет тегін өтуге болады. 2021-2023 жылдардағы нәтижелер бойынша бағдарламалардың тиімділігі орта есеппен 38% болды. 2021 жылы 122 бала, 2022 жылы 128 бала дүниеге келді.

Көпұрықты жүктіліктің түсік түсу және перинаталдық ауру қаупі жоғары. Сондықтан соңғы уақытта репродуктологтарда бірнеше эмбриондардың тасымалдануын азайту әрекеті анық байқалады. 2021 жылы Астанада осы бағдарлама аясында 10 егіз, 2022 жылы бір үшем мен 15 егіз, 2023 жылы 4 ерлі-зайыптыда егіздер дүниеге келді.

Президент тапсырмасы бойынша ЭКҰ-квотаның көптеп бөлінуі арқасында 2021 жылы бірінші рет балалы болдым. 2023 жылы екінші рет квота алдым, қазір жүктіліктің 16-аптасындамын. Сіздерге рахмет,  - деп қуанышымен бөлісті «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы алғаш ана атанған пациент. 

Тағы бір отбасы былай дейді: «Біз Тайлановтар, отбасымызбен №2 қалалық аурухананың уролог маманы Әлиев Азамат Қайыргелдіұлына алғысымызды білдіреміз. Уролог-маман бізді ЭКҰ бағдарламасымен квота бойынша тізімге қойды. Бізге жақсы кеңес берді. Сонымен қатар, Әйелдерге кеңес беру бөлімшесінің гинеколог-маманы Айсәуле Мақсұтқызына да алғысымыз шексіз! Осындай білікті мамандардың арқасында қызымыз дүниеге келді. Аурухана ұжымына үлкен алғысымызды білдіреміз».

МӘМС шеңберіндегі ЭКҰ процедурасы қосалқы репродуктивті технологияларды қолдану арқылы суперовуляцияны ынталандыру, аналық бездердің трансвагинальды пункциясы, жұмыртқа алу, ооцитті (ооциттерді) ұрықтандыру немесе ооцит цитоплазмасына (ICSI) сперматозоидты енгізу, эмбриондарды өсіру, оларды тасымалдау, оның ішінде, көрсеткіш болған жағдайда, мұздату циклдарын қарастырады.

МӘМС жүйесін енгізу арқасында ЭКҰ рәсімін жүргізу қолжетімді бола бастады, көптеген ерлі-зайыптылар бұрын бұл рәсімнен тек ақылы негізде ғана өте алатын. Бағдарлама бедеуліктің әр түрлеріндегі көрсеткіштер тізімін кеңейтуге мүмкіндік берді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде ата-ана атанған бақытты ерлі-зайыптылардың алғысына ие болудамыз. Барлық жұмысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз да – осы, - дейді медициналық ұйымдағы басқарушылық шешімдердің оң нәтижелерімен бөліскен №2 қалалық көпсалалы аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары Сәуле Жамантайқызы Ибраева.

Қазіргі уақытта ерлердің де, әйелдердің де ұрықтандыру қабілетінің қиындықтарымен байланысты проблема тек біздің республикамызға ғана емес, бүкіл әлемге тән, бедеулік деңгейі 20%-ға жетеді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда бұл көрсеткіш 15%. Яғни, әрбір алтыншы отбасында балалы болу проблемалары бар, әрбір бесінші жұп дәл осы себепті ажырасады.

Диагностиканың заманауи әдістерінің арқасында аурудың негізгі себептерін дәл анықтауға және тиімді ем тағайындауға болады. Айта кету керек, репродуктивті жүйенің патологиясы 40% жағдайда ер адамдарда кездеседі, 30% жағдайда – аралас факторлар (ерлер мен әйелдер).

Өзгелердің жаңалығы