400-ден астам бала сауықтыру курсынан тегін өтті

27 Сәуір 2022, 21:02
1346
Бөлісу:
400-ден астам бала сауықтыру курсынан тегін өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балалар жылы аясында ай сайын 100-ге жуық қазақстандық бала БҒМ «Бөбек» орталығында тегін сауықтыру курсынан өтеді. 

Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Созылмалы соматикалық аурулары бар және иммунитеті әлсіз 440 бала сабағынан қалмай, өз денсаулығын жақсарту мүмкіндігіне ие болды.

Еске сала кетейік, сауықтыру курсының ұзақтығы - 22 күн. Бір жыл ішінде сауықтыру кешені 12 ауысым жасайды. 2022 жылдың басынан бастап сауықтыру кешенінде Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан 440 бала санаториялық оңалту курсынан өтті. Олардың 63,9%-ында тыныс алу органдарының аурулары және әлсіз иммунитет, 9%-ында анемия бар, ақуыз-энергетикалық жетіспеушілік - 15,4%, артық салмақ - 2,8%, лор мүшелерінің аурулары - 7,9% және басқалары - 0,9%.

Менің ұлым 9 жаста, ол анемиямен ауырады. Наурыз айының басында ол сауықтыру курсынан өту үшін Алматыға барды. Балам қуанып, көзі жанып оралды. Ұлым орталықта балалар үшін қандай жағдай жасалғанын, балалар ол жақта өздерін жақсы сезінгенін үнемі айтып отырады. Орталықта балалар күніне 6 мезгіл тамақтанған. Витаминдер курсын алып, тістерін емдеп, басқа да көптеген емдік процедураны қабылдады, – деді оқушының ата-анасының бірі.

Айта кетейік, сауықтыру курсы 019 «Балаларды сауықтыру, оңалту және олардың демалысын ұйымдастыру» мемлекеттік бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Балаларды іріктеуді жергілікті жерлердегі білім беру ұйымдары жүргізеді.

Сауықтыру кешенінде балалар денсаулығын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге мектеп бағдарламасына сәйкес оқуын да жалғастырады. Оқудан және емделуден бос уақытта балалар көрікті жерлерге, хайуанаттар бағына және т. б. жерлерге барады.

Мемлекет басшысы балаларға ерекше көңіл бөлу керегін атап өтіп, 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. 2021 жылдың басынан бері БҒМ қолдауымен «Бөбек» орталығында жетім балалар, экологиялық қолайсыз аймақтардан шыққан, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 320 бала оңалтудан өтті, - деп түсіндірді БҒМ «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының бас директоры Баян Файзуллина.

Өзгелердің жаңалығы