4-тегі баласын жауыздықпен өлтірген әке өмірін түрмеде өткізуі мүмкін

28 Шілде 2023, 09:44
3087
Бөлісу:
4-тегі баласын жауыздықпен өлтірген әке өмірін түрмеде өткізуі мүмкін
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

4 жасар баласын өлтірді деп күдікке ілінген ақтөбелік өмір бойы бас бостандығынан айырылуы ықтимал, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

31 канал мәліметінше, прокурор өз баласын өлтірді деп күдікке ілінген Артур Ахуновқа өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.

41 жастағы үшемнің әкесі балалардың біреуін, яғни Данил есімді төрт жастағы баласын өлтірді деп айыпталып отыр. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, аталған іс бойынша айғақ жеткілікті. Себебі Артур Ахунов ұсталған сәтте қылмысын толық мойындап, баласын жерлеген жерді көрсеткен. Сондай-ақ сот-медициналық сарапшының қорытындысы бар. Сараптамаға сәйкес бала басына қатты соққы алу салдарынан көз жұмған. Бұдан бөлек сотталушының анасы да куәлік еткен.

Дегенмен Ахунов аталған қылмысты қайғылы оқиға деп атап, ұлын өлтірмегенін, ондай ойы болмағанын мәлімдеді.

Балаларымды жақсы көрдім. Осындай қайғылы жағдай болып қалды. Мен шынымен қобалжыдым. Бірақ мен кінәлі емеспін, оны өлтірмедім. Қайғылы жағдай болды. Мен оған қолымды да тигізбедім. Басқа айтарым жоқ, - деді Артур Ахунов.

Еске салсақ, кішкентай Данил Ахунов өткен жылы 23 желтоқсанда жалдамалы пәтерде басынан бірнеше қатты соққы алу салдарынан қайтыс болды. Баланың денесі 10 күн бойы балконда жатқан. Кейіннен әкесі оны жерлеген. Ал бес күн өткен соң баланың жоғалып кеткенін хабарлаған. 

Аталған қылмыстық іске қатысты сот үкімі 1 тамызда шығарылады деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы