- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 300 млрд долларлық экономика, AI және Amazon: Тоқаев инвесторларға Қазақстанның басты артықшылықтарын атады
300 млрд долларлық экономика, AI және Amazon: Тоқаев инвесторларға Қазақстанның басты артықшылықтарын атады
300 млрд долларлық экономика, AI және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер. Президенттің маңызды мәлімдемелері материалда.
Бүгiн 2026, 15:14
Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ұдайы орнықты даму бағдарын ұстанып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ең әуелгі міндет экономиканы және саяси бағытты жаңа талаптарға дер кезінде бейімдеу екеніне тоқталды.
Сыртқы конъюнктураның қолайсыздығына қарамастан, Қазақстан экономикасы былтыр 6,5 пайызға өсті. Елдегі ішкі жалпы өнім көлемі 300 миллиард долларлық межеден асты. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады. Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық, бұл құжат қазірдің өзінде халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуі символдық мәнге ие. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент халықаралық бизнес үшін тартымды заманауи институционалдық орта қалыптасқанына назар аударды.
Сондай-ақ инвестициялық рәсімдерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидатына сай қызмет көрсететін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды.
Инвестициялық штаб қызметі жедел шешім қабылдауға және инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Бизнеске институционалдық кепілдіктермен бірге ұзақмерзімді нақты ынталандыру тетіктерін ұсынамыз. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен оңайлатылған көші-қон рәсімдері қарастырылған Altyn visa бағдарламасының артықшылығын пайдалана алады. Дегенмен біз мұнымен ғана шектелмейміз. Алдымызда ауқымды жұмыс бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты.
Президент жасанды интеллект жаһандық дамудың қозғаушы күшіне айналады деп санайды.
Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды интеллект технологияларына мән беру – аса маңызды басымдық. Бұл қайталанбалы үдерістерден арылып, «ақылды сүзгі» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы инвесторларға жедел, нақты әрі тиімді қызмет көрсетіледі. ЮНКТАД болжамы бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Аталған көрсеткіштің ондаған жыл ішінде шамамен 25 есе ұлғаюы жаһандық экономикадағы жасанды интеллектінің рөлі артып келе жатқанын байқатады. Еліміз осы бағытты белсенді қолға алуға ниетті. Былтыр халыққа арнаған Жолдауымда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл – Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ден қоямыз. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы әр адамның дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Институционалдық негізді нығайту үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Сонымен қатар Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш рет озық технологиялар негізінде екі суперкомпьютерді сәтімен іске қосты.
Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды. Бұдан бөлек, Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементтерінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент Астанада шетелдік инвесторлармен маңызды жиын өткізіп жатқанын хабарладық.
Ең оқылған:
- ҰҚК Жақсылық Омардың қалай ұсталғанын көрсетті
- Түркістанда мұғалімдерден пара алған экс-директор қамауға алынды
- Алматыда жеке үйдің жертөлесінен полиэтиленге оралған ер адамның мәйіті табылды
- Әлем чемпионаты: Холанд Норвегияны құтқарды, Мбаппе жаңа рекорд орнатты
- 5 жыл бойы қашып жүрген қазақстандық әйел Түркияда ұсталды
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ