280 мың елордалықтың инфрақұрылым мәселесі шешілмеген

13 Тамыз 2019, 12:15
1735
Бөлісу:
280 мың елордалықтың инфрақұрылым мәселесі шешілмеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 280 мың елорда тұрғыны инфрақұрылым мәселесі бар қала маңындағы елді мекендерде тұрады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Бүгін Үкімет отырысынан кейін кулуарда журналист қала басшысына астана маңындағы суы мен жарығы жоқ елді мекендер тұрғындарының шағымын жеткізді. Әкім мұндай мәселелердің бар екенін жасырмады.  

«Сондай 16 елді мекен бар. Нұр-Сұлтан қаласының аумағына кіреді. Ол жерлерде 280 мың адам, яғни қаланың 25%  тұрғыны сол жерлерде тұрады. Мысалы, Көктал-1, Көктал-2, Нұрбесік деген елді мекен бар. Халықпен кездестім, сол жерде су жоқ. Арғы жақта Тілендиев көшесінде ЛПУ деген бар. «Силикатный» немесе темір жол жақта инфрақұрылым бойынша мәселелер бар», - деді қала басшысы Үкімет кулуарында.

Әкім осы мәселені шешу үшін астананың шет жағындағы елді мекендер бойынша арнайы бағдарлама қабылданатынын айтты. 

«Кешенді жоспарға бекітіп, алдағы уақытта үш жылдық бюджетте жоспарлап отырмыз. Қаланың ортасында да аулаларды абаттандыру мәселесі бар. Әр қалада ондай проблема кездеседі. Сондықтан қала тұрғындарымен кездесіп, «бюджетке қатысу» арқылы мәселелерді жоспарға сәйкес орындаймыз», - деп сөзін түйіндеді Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы