27 жасында алты баламен жалғыз қалған ана: Ешкімнен көмек күткен емеспін

31 Қазан 2019, 14:58
14675
Бөлісу:
27 жасында алты баламен жалғыз қалған ана: Ешкімнен көмек күткен емеспін
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ол 25 жасында алты перзент сүйген ана. Жан жары ерте дүниеден озып, 27 жасында алты баласымен жалғыз қалған. Өзі жас, балаларының алды 12, арты 2 жаста болған. Алайда жас ана тағдыр тауқыметіне төтеп беріп, оларды аяқтарынан нық тұрғызады. Бірде сол кездегі ауылдағы селсоветтен "Алты баланың үш үлкенін немесе үш кішкентайын жетімдер үйіне тапсыр, өзің өсіре алмайсың, бәрі тым кішкентай" деп адамдар келген екен. Бірақ ол бірден бас тартқан. Бүгінгі сұқбатымыз көпбалалы, оның үстіне жалғызбасты ана болса да, үкіметтен көмек түтпеген, ешкімнен ештеңе сұрамаған, бүгінде барлық бейнеті көрген түстей артта қалып, бақытты ана, асыл әже атанған Ләззат Дәулетова хақында болмақ.

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.33.41 (1).jpeg

27 жасымда 6 баламмен жалғыз қалдым

– Ләззат Оқасқызы, өрімдей алты баланы жеткізу үшін небір қиындықтарға мойымай, сынақтардан сүрінбей өттіңіз. Әңгімемізді өзіңіз жайлы толығырақ айтып беруден бастасаңыз. Қай өңірдің тумасысыз? 

– Мен Орал өңірінің тумасымын. 1963 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Қазталов ауданында дүниеге келдім. Кішкентайымнан еңбекке үйір, ұқыпты, зерек болып өстім. 1979 жылы Ақжайық ауданына көшіп келдік. 17 жасымда сол ауылдың жігітіне тұрмысқа шықтым. Шаңырақ көтердік. Жұбайым екеуміз құрдас болдық.

WhatsApp Image 2019-10-31 at 15.20.01.jpeg

Екі жыл енеммен тұрдым. Жолдасымның екі мамасы болды. Әкесі ерте қайтқан. Содан қырда мал бақтық. Жас болсақ та қырда, ауданымыздағы "Ілбішін" совхозының малын бағып, бақташылықпен айналыстық. Жолдасым ерен еңбегінің арқасында талай рет басшылық тарапынан мақтауға ие болған. Бірнеше жыл қатарынан фотосуреті Оралдың қақ ортасында "Құрмет" тақтасында" ілулі тұрды. Аллаға шүкір, 25 жасымда алты перзент сүйдім. Жолдасым "старший скотник" болды. Мен көмекшісі болдым. Содан 1991 жылы жолдасым өмірден қайтты. Ең үлкен балам 12 жаста, кішкентайы 2-де болды. Жолдасым қайтқаннан кейін үкіметтің малын тапсырып, ауылға қайтып көшіп келдік. Тағдырдың жазуы шығар, Азат ерте дүниеден озып, 27 жасымда 6 баламмен жалғыз қалдым. 

Өзім не жеймін, балаларым да соны жейді 

– Әкесіз қалған ұл-қыздарыңызды асырап бағуға қауқарлы екеніңізді қалай дәлелдеп бердіңіз? Ұяға – ұлды, қияға – қызды қондыру үшін аянбай еңбек еттіңіз. Олар маңдайдан төккен термен өсті. Өмір жолыңыздағы сан алуан қиындықты қалай жеңдіңіз?

– Әкем бір шағын үй алып берді. Сөйтіп жайлап балаларды оқыттық. Мектеп жасында болды ғой, сабақ оқыды, білім алды. Содан мен күн көру үшін совхоздың жұмыстарын істедім, қора майлауда (малдың қиын тасу, шөп шабу, қи ою –) анда-мында жұмыс істеп нәпақамды таптым. 2006-2008 жылдары мектепте жұмыс істедім, көмір тасып, от жақтық. Семьяны асырау керек болды. Қырдан көшіп келерде, ол кезде енді селсовет дейді ғой, қазір әкімдіктен адамдар келіп, "Құжаттарды толтырыңыз. Сіз әлі жассыз, небәрі 27-десіз, 6 баланы баға алмайсыз. Ертең алты бала жан-жаққа тентіреп кетеді" деп маған "балаларды детдомға тапсырыңыз" деді. "Ең болмаса, үш кішкентайын тапсырып, үш үлкенін алып қалыңыз" деді. Содан мен оларға "Балаларымды бермеймін, өзім не жеймін, балаларым да соны жейді" дедім. Бермеймін деп жылап, оларды өзіммен алып қалдым.

Содан енді балалар оқып, өсіп-өніп бойжетті, ержетті. Екі егіз қызым Оралда колледжде білім алды. "Аспазшы-сатушы" деген мамандықты игерді. Қазіргі таңда екеуі де жұмыста. Біреуі балабақшада тәрбиеші, біреуі балалар үйінде аспазшы.

Ол кезде дағдарыс, тоқырау заманы болды ғой. Жоғары оқу орнында оқыта алмадым. Бәрі енді қаржыға байланысты ғой. Үкіметтен алатынымыз тек қана 12 мың теңге пособие, яғни жәрдемақы болды. Аллаға шүкір, сонымен күн көрдік. Ризық-несібемізге барынша тәубе еттік.

Қиындықтар әрдайым болады. Таңертең ерте сағат бесте тұрып, мектепке келесің, екі шелек көмір тасисың. Ол жанып кетеді. Одан тағы әкелесің. Үш жыл солай мектепте көмір тасып, от жақтым. Одан бұрын 1992-93-терде майлау майладық. Қарашаның суығында. Сап-салқын мұз қатып жатады. Суды ысытып жіберіп, балшыққа құйып жіберіп майлаймыз. Қалайда семьяны асырау керек, балаларды жетілдіру керек. Оралда "Құрмет" тақтасында" тұрдық.

Осылайша, өрімдей алты баламды асырау үшін еңбекке белшемнен батып, бірнеше жыл кеңшар малшыларына көмекші болып, ер адамдармен қатарласа, шөп жинауда, кейін қара күзге дейін үлкен-үлкен қораларды қысқа дайындап, майлауда жүрдім. 

Көздерін жәутеңдетіп қоймаспын 

– Ол заманда бүгінгідей Атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, бір балаға 21 мың теңге жәрдемақы төленбейтін. Бүгінде елімізде "көпбалалы ата-аналар талапшыл, митингке шығып, наразылық білдіруге дайын тұрады, мемлекетке қол жайып отырады" деген пікірлер бар. Бұл орайда сіздің ойыңыз қандай? 

– Ешкімнен алақан жайып ештеңе сұраған жоқпын. Ол кезде әлеуметтік көмек деген мүлдем жоқ қой. Алып та көрген жоқпыз. Сол алты балаға "асыраушысынан айырылған отбасы ретінде әкесі жоқ болғандықтан 12 мың теңге пособие берді. Сол 12 мыңмен күн көріп шықтық қой енді. Тығырықтан сабырлықпен шықтық. Қазір Үкімет көпбалалы аналарға өте көп көмек беріп жатыр. Жәрдемақыларын төлеп жатыр. Біздің кезде ондай атымен болған жоқ. Ол кезде әкім демейді, селсоветке барып бірдеңе сұраған емеспін. Мемлекет тарапынан маған ешқандай көмек болған жоқ. Ол 1991, 1993 жылдар ғой. Дағдарыс. Пенсия жоқ. Үш-төрт айда бір береді. Соған қарамастан, балаларымның бәрін аяғынан тұрғызып, адам қылдық. Өз баламды өзім асырауға қауқарлымын. Міндетті болдым. Өзім дүниеге әкелдім, өзім адам қыламын дедім. Аяқтарына тік тұрғызам деп өз-өзіме уәде бердім. Тағдырымда тосқауылдар болса да, еш берілмедім. Бауыр етім балаларымды кімге жәутеңдетіп қоярмын?! Көздерін жәутеңдетіп тастап кете алмаймын.

Үкіметке қол жайған емеспін 

– Өзімнің де қызым мектеп директоры болды. Сонда айтып келеді "Мама, солай дейді, былай деп талап етті" деп. Ақша сұрайды. "Алма піс, аузыма түс" деп тегін дүниеге қол жеткізгісі келеді. Ауданда да киім бермесең, кітап бермесең, баламды оқуға мектепке жібермеймін, бізге көмек керек деп ата-аналар наразылық танытып жатады. Мен ондайдың біреуін де көрген емеспін.

Менің балам бар, маған ақша керек, я болмаса балаларыма киім-кешек керек демедім. Ондай әрекетке мен барған жоқпын. Әйтеуір сол бергеніне шүкір. Сөйтіп балаларым өсті. Ешкімге жаутаңдаған жоқпын. Бәрі үйлі-күйлі болып кетті. 

Тұңғыш ұлым ауырып, өмірден тым ерте қайтты 

– Ержетіп, бойжеткен ұл-қыздарыңыз туралы айтып берсеңіз? Әкенің орны бір бөлек, ойсырап қалған әке махаббатын қалай толтырдыңыз. Өміріңіздің мәні – балаларыңыз жөнінде айтып берсеңіз ?

– Үлкен балам оқыған жоқ. Қара жұмыс істеді. Бау-бақшада. Бір қызым Орал қаласында Пединститутты тәмамдады. Биыл бір ұлым үйленді. Құдайға шүкір, келін түсірдік. 

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.47.19.jpeg

Кіші қызым Астанада оқыды. 2 жыл елордада қызмет етті. Сосын елге қайт деп қайтарып алдық.

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.47.08.jpeg

Бес баламның бәрі адам болды. Үлкенім бауыры ауырып, өмірден ерте қайтты. Қазір көзімнің қарашығы, көз қуаныштарым 5 балам да аман-есен. Алайда әкенің орны бөлек. Кейде әкенің орны ойсырап тұратыны бар. Бірақ әкесі бар баладан кем болған жоқ. 

Төрт күйеу балам, бір келінім бар. Жеті жиенім бар. Енді міне, немере сүйсем деймін.

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.33.16.jpeg

1982 жылы дүние есігін ашқан екі егіз қызым бар.

Бір қызым Ақтөбеге тұрмысқа шықты. Мектепте оқу бөлімінің меңгерушісі.

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.33.41.jpeg

Ең кіші қызым 1988 жылғы, қазір ауданда білім басқармасында бас маман болып қызмет етеді. Ол екі қыз, бір ұлдың анасы. 

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.47.07.jpeg

Бала бар үйде қызықтар болмай тұрмайды. Қазір аудандағы қызым өте тентек болды. Бүкіл пердені, киімдерді қайшымен қиып тастайтын еді. "Балалы үй базар" дейді. Ең кенже қызым 31 жасқа толды. Балаларымды аяқтандырдым. Жас күнде өткен қиындықтың бәрін ұл-қыздарың өскен соң ұмытады екенсің. Соларға қарап қызықтап отырмын қазір. Бес құдам бар. Менің барым да, байлығым да осы балаларым. Қазіргі таңда өте бақытты әжемін. 

Бірінікін бірі киіп өсті

– Қазіргідей не киемін, не ішемін деген таңдау болмады. Бірінікін бірі киіп өсті. Сөйтіп адам болды. Қазір бәрі де жоғары білімді. Жалғыз ұлым үйде. Шағын малымыз бар. Соған бас-көз болып отыр. Келін ауданда оқуда. Мен сол ұлыммен қарашаңырақтамын. 53 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Ойлайтын едім, жастай қалғанда "ойпырмай жұмыс жоқ, ертең балалар өскен соң қалай күн көреді екенмін" деп. Алла өзі бәрінің сәтін салады екен. Мемлекет 6 баласы барларды 53-те пенсияға шығарып, соған ілігіп кеттім. "Адамның емес, Алланың дегені болады". Шүкір.

Қыздарымның бәрі ұлттық аспапта ойнайды. Домбыра тартады. Өнерлі. Дана деген ең кіші қызым жастар мәслихатының депутаты болды. Айтысқа қатысады. Оразкүл Асанғазықызын үлгі тұтады. Астанада тіл басқармасында жұмыс істеді. Өлең шығаратын да таланты бар. 

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.33.42.jpeg

Лайықсың, ана, қандай да қадір-құрметке 

– Ләззат апай, қаншама жыл көрген машақатты жеңіп, маңдай тердің арқасында, ұл мен қызды өсіріп жеткіздіңіз. Сіздей қайсар аналарды бүкіл ел үлгі етуі керек. Перзент алғысына ие болған анасыз. Ұл-қыздарыңыздың Сізге арнап шығарған өлең жолдары бар екен. Сол рас па? 

– Иә, бүгінде қыздарым ұзатылып, ұлым қарашаңырақты ұстап, талай жылғы бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Шаңырақтың отын өшірмей, о дүниелік болған азаматымның атына кір келтірмедім. Көрген түстей бәрі де артта қалды. Қазір бақытты әжемін. Балаларым маған арнап алғадай алғысымен жыр жазған еді. Бұл өлең шумақтарын перзенттерімнің алғысы деп қабылдадым. 

Ұл менен қыздың қорғаны әрі панасың.

Бейнетің көрген өтеліп бүгін зейнеті

Ұл мен қыз өсіп, өзіңе болды жанашыр.

Лайықсың, ана, қандай да бір мақтау-мадаққа,

Көтеріп көкке төсбелгі тағар атаққа

Маңдайдан төккен теріңмен өскен тал шыбық

Тамырын жайып таралып жатыр жан-жаққа.

 

Лайықсың, ана, қандай да қадір-құрметке

Өзіңдей батыл, қайсар ана жоқ жер-көкте.

Перзенті үшін жас күнін кейін ысырып

Буынып белді, белшеден батқан еңбекке.

 

Лайықсың, ана, тұруға зәулім сарайда

Немере сүйіп, тербетші бесік жарай ма?

Тілеші тілек, табамыз біздер, қарызбыз әрбір талыңа

Ақ шаштың түскен самайға.

 

Өзіңе арнап жыр жаздым, ана, төгіле

Перзент алғысы өлең болып түсті өріле.

Ұяға – ұлды, қияға – қызды қондырып,

Бүгінде, ана, отырсың бақыт төрінде!

WhatsApp Image 2019-10-24 at 10.49.05.jpeg

– Cұқбат бергеніңіз үшін көп рақмет! Ұл менен қызыңыздың ортасында, немере мен жиендердің қызығын қызықтап, ғибратты ғұмыр кешіңіз!
Өзгелердің жаңалығы