27 мыңға жуық мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді

7 Ақпан 2022, 14:26
1803
Бөлісу:
27 мыңға жуық мүгедектігі бар адамға жұмыспен қамтуды қолдау шаралары көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы 104 мың мүгедектігі бар адам (24,8%) жұмыспен қамтылған.

 2021 жылы жұмыспен қамтуды қолдаудың түрлі шараларымен 26,9 мың мүгедектігі бар адам қамтылды, олардың 21,1 мыңы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болды, ал 5,8 мыңы жұмыс орындарының квотасы бойынша жұмысқа орналастырылды. 

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 696,8 мың мүгедектігі бар адам немесе халықтың жалпы санының 7,5%-ы тұрады, олардың 419 мыңы – еңбекке қабілетті жаста.

«Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс істейтіндердің жалпы санының (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болғанда) 2-ден 4% - ға дейінгі мөлшерде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілейді, - делінген хабарламада.

2021 жылдың қорытындысы бойынша квота шеңберінде барлығы 5,8 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. Бұдан басқа, өткен жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 21,1 мың мүгедектігі бар адам қатысты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 9,3 мың адам және уақытша жұмысқа 8,6 мың адам орналастырылды.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен – 563 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен – 1,6 мың адам қамтылды, оның ішінде 325-і бизнес жобаларын қорғап, гранттар, 46-сы микрокредиттер алды.

Сонымен қатар, 460 адам микрокредит, 1,1 мың адам грант алды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықтың басқа да осал топтарымен қатар мүгедектігі бар адамдардың басым тәртіппен көрсетілетін қызметтерді алуға құқығы болды.

2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аяқталды, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жалғастырылатын болады.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. 2021 жылы жалпы сомасы 122 млн теңгеге 90 арнайы жұмыс орны ашылды.

Өзгелердің жаңалығы