250-ге жуық экспорттаушыдан шығынын өтеп беруге өтініш түскен

16 Маусым 2020, 20:44
1399
Бөлісу:
250-ге жуық экспорттаушыдан шығынын өтеп беруге өтініш түскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауда және интеграция министрлігіне 2020 жылдың басынан бері 246 экспорттаушыдан жалпы сомасы 5 848 млн теңге болатын сервистік шығындарын өтеуге 500 өтінім түсті.

ВАК 6 отырысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1 128,6 млн теңгеге 57 компаниядан 98 өтінім мақұлданды.

Шикізаттық емес сектордағы экспорттаушыларға шығындарды өтеу құралы алғаш рет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанында  2019 жылдың 2-тоқсанның соңында қолданылған. Алайда, бұл қағидалар кәсіпкерлік субъектілерін қамтуда шектеулерге, сондай-ақ құжаттарды ресімдеу бойынша қиындықтарға ие болды.

2019-2020 жылдар ішінде Сауда және интеграция министрлігі экспорттаушыларды субсидиялау Қағидаларына бір рет ғана өзгерістер енгізді – Шығындарды өтеу қағидаларының 2-ші пакеті - 2019 жылғы 16 қазанда қабылданды.

Экспорттаушыларға шығындардың бір бөлігін өтеу қағидаларының 2-пакетімен мынадай өзгерістер қабылданды:

- авиа, теңіз көлігі өтеле бастады;

- құжаттар бойынша талаптар тізімі қысқартылды;

- тауарларды соңғы межелі пунктке дейін жеткізуге байланысты шығындар бойынша өтеу сомасының мөлшері 50%-ға дейін арттырылды;

- отандық өңделген тауарлардың тізбесі (қорғаныс өнеркәсіптік кешені) кеңейтілді және т.б.

Қағидаларды оңайлату сәтінен бастап мемлекеттік қолдаумен қамтылған экспорттаушы кәсіпкерлер саны 50-ден 139 субъектіге дейін артты.

Экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау экспорт географиясын және экспорттық тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік берді. Алғаш рет қазақстандық аккумуляторлар Италияға, ал әскери мақсаттағы өнімдер Бангладешке экспортталды. Бұл жеткізілетін өнімнің өзіндік құнын 5-10%-ға төмендету арқылы мүмкін болды.

Қағидаларға сәйкес индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің отандық өңделген тауарларын ілгерілету бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу мынадай түрлер бойынша жүргізіледі:

1) шетелде тауарларды жарнамалауға байланысты шығындар;

2) шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелерге, фестивальдарға тікелей қатысуға арналған шығындар;

3) шетелде тарату үшін мамандандырылған каталогты әзірлеу, шет тілдеріне аудару және басып шығаруға байланысты шығындар;

4) шетелдердегі филиалдарды, өкілдіктерді, сауда алаңдарын және қойманы ұстауға арналған шығындар;

5) шетелде тауар белгілерін (брендті) тіркеуге байланысты; электрондық-сауда алаңдарында рәсімдерді жүргізуге арналған шығындар;

6) ұйымның стандарттарын қоса алғанда, тауарлардың техникалық регламенттерде, стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігі рәсімдеріне немесе шарттардың талаптарына немесе тауарларды шетелде өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығын растауға байланысты іс-шараларды жүргізуге арналған шығындар (сертификаттар, рұқсаттар, тіркеу куәліктері және басқа да құжаттар);

7) тауарларды темір жол, әуе, автомобиль, теңіз көлігімен жеткізуге байланысты және тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі шығындар.

Өзгелердің жаңалығы