- Мұқаба
- Жаңалықтар
- 25 тамыздан бастап электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады
25 тамыздан бастап электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады
Астанада электросамокат пайдаланушыларына жаңа талаптар түсіндірілді. 25 тамыздан бастап күшіне енетін өзгерістерге сәйкес, электросамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады.
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
10 Тамыз 2026, 17:21
Елордалық Полиция департаменті электросамокат қолданушыларына заңнамадағы жаңа талаптарды түсіндіруге бағытталған профилактикалық акция өткізді. Іс-шара жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жеке мобильділік құралдарын жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Акцияға қала тұрғындары, Полиция департаменті мен прокуратураның, кикшеринг компанияларының, Аумақтардың тұрақты дамуы қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері қатысты.
Электросамокатпен қай жерде жүруге болады?
Іс-шара барысында жол қозғалысына қатысушыларға электросамокаттарды пайдалану ережелеріндегі өзгерістер түсіндіріліп, олардың сұрақтарына жауап берілді.
Негізгі назар 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енетін талаптарға аударылды. Осы күннен бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады.
Пайдаланушылар велосипед жолдары мен веложолақтармен жүруі тиіс. Олар болмаған жағдайда Жол қозғалысы ережелерінде көзделген жағдайларда жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүру қажет.
Электросамокаттар әлдеқашан жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына айналды. Алайда пайдаланушылардың белгіленген талаптарды сақтамауы жеке мобильділік құралдарын жүргізушілердің өздеріне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді, – деді Астана Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев.
Оның айтуынша, Жол қозғалысы ережелеріне енгізілген өзгерістер қауіпсіздікті арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.
Жүріс бөлігіне шығу үшін қандай талаптар қойылады?
Жүріс бөлігімен қозғалған кезде электросамокат жүргізушісі 18 жасқа толған болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныс шлемін пайдалануы тиіс.
Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді де қолдану қажет.
Астана прокуратурасының қызметкерлері электросамокат пайдаланушылары арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға жүргізуші куәлігінсіз жүріс бөлігіне шығу, жылдамдықты асыру және қиылыстардан өту талаптарын сақтамау жататынын атап өтті.
Бір электросамокатпен жолаушы тасымалдау да ерекше қауіп төндіреді.
Бүгінде самокат жүргізушілері көбіне жүріс бөлігінде ереже бұзады. Куәлігі жоқ азаматтардың жолдың жекелеген учаскелерінде самокат жүргізу фактілері әлі де кездеседі. Бұдан бөлек, тротуарларда жылдамдықты жиі асырады, бұл жол-көлік оқиғалары болу қаупін арттырады, – деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілда.
Ол заңнамадағы өзгерістер жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыру қажеттілігімен де байланысты екенін атап өтті.
Кәмелетке толмағандар самокатты жалға ала алмайды
Кикшеринг компаниялары пайдаланушыларды бақылау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтты.
JET компаниясы елордалық филиалының директоры Әлібек Әбілқасовтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қосымшаға тіркелу кезінде ЖСН бойынша міндетті верификация жүргізіледі. Жүйе пайдаланушының жасын тексереді және 18 жасқа толмаған адамдардың сервиске кіруіне мүмкіндік бермейді.
Біз ата-аналардың өз аккаунттарын балаларына берген жағдайларын анықтадық. Мұндай аккаунттар бұғатталады. Сондай-ақ бір самокат – бір адам екенін есте ұстаған жөн. Екі адам болып жүретін пайдаланушылардың аккаунттары да бұғатталады, – деді Әлібек Әбілқасов.
Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап самокаттарға үш жағынан – жақтауына және артқы қанатына сәйкестендіру нөмірлері жазыла бастады. Бұл көлік құралын камералар арқылы анықтауға және құқық бұзушыларға қатысты шара қабылдауға мүмкіндік береді.
Самокатты кез келген жерге қалдыруға болмайды
Компания өкілдері самокаттарды тұраққа қою мәдениетіне де ерекше назар аударды.
Электросамокаттарды тротуардың ортасына, жүріс бөлігіне, веложолға немесе автокөліктерге арналған тұрақ орындарына қалдыруға болмайды.
Мұндай талаптарды бұзған пайдаланушыларға да жаза қолданылуы немесе аккаунты бұғатталуы мүмкін.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова түсіндіруінше, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самокаттарды пайдалануға қатысты бірқатар өзгерістер күшіне еніп, самокат мінгендер бақылауға алынады.
Тағы оқи отырыңыз: Алматыда самокатшыларға «Сергек» бақылауы күшейеді: Камералар айыппұл жібере бастайды
Ең оқылған:
- Қазақстанда кімдер зейнетке ерте шыға алады? – 2026 жылғы дерек жарияланды
- Аптап ыстық және найзағай: Синоптиктер 17 облыста ескерту жариялады
- Атырауда тұрғындар күдіктінің ұсталуын адам ұрлау әрекеті деп ойлап қалған
- Қазақстанда +44°С-қа дейін аптап ыстық қайта күшейеді: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?
- 9 тамызға арналған валюта бағамы жарияланды