2,5 мыңға жуық қазақстандық банкроттыққа өтінім берді

4 Наурыз 2023, 00:15
976
Бөлісу:
2,5 мыңға жуық қазақстандық банкроттыққа өтінім берді
Фото: atpress.kz

Банкрот атанғысы келген қазақстандықтарға қатысты соңғы мәлімет жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

3 наурызда азаматтардан банкроттық туралы өтініш қабылдау басталды. Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша банкроттық туралы соттан тыс 1469 өтініш келіп түсті. Оның ішінде eGov арқылы 1399, ал e-Salyq Azamat арқылы 70 өтінім бар. Алғашқы өтініш электронды үкімет порталы арқылы Жамбыл облысынан сағат 09:05-те келді, – делінген хабарламада.

Кірістер комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, кешкі сағат 21:00-дегі жағдай бойынша ел аумағынан 2466 өтініш түскен.

Банкроттыққа өтініш беру бойынша көш басында Түркістан облысы тұр (289 өтініш). Одан әрі 238 өтінішпен Алматы қаласы, үшінші орынға Алматы облысы (227 өтініш) орналасқан.

Еске салайық, Қазақстанда 2023 жылғы 3 наурызда жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша өтініш қабылдау басталды. Қазақстандықтар арызды eGov.kz порталы мен eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшаларында не Халыққа қызмет көрсету орталығының жақын жердегі бөлімшесі арқылы қағаз түрінде бере алады.

Банкроттыққа арызды банкрот болып танылуға ниетті адамның өзі ғана беруі керек.

Арызды берер алдында мынадай мәліметтерді тексеру қажет:

  • банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн. теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек (mkb.kz);
  • мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығының болмауы (Egov.kz.);
  • өз телефоныңыздың және жұбайыңыздың нөмірін мобильді азаматтар базасында (MАБ) тіркеу. Ұялы телефон нөмірін тіркеу үшін my.egov.kz сілтемесі бойынша өту керек.
  • арызға кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен) қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі.
Өзгелердің жаңалығы