24 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалды

13 Желтоқсан 2019, 00:58
2089
Бөлісу:
24 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан бері прокуратура органдары 24 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғады, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, жалпы жеке және заңды тұлғалардың тарапынан 196 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Прокурорлардың жеке қабылдауында 68 мыңнан астам адам болды. 

Ел азаматтарына жан-жақты құқықтық көмек көрсету мақсатында ашылған Бас прокуратураның құқық қорғау қызметтері орталығының жұмысын атап өткен жөн. Оған биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 57 мыңнан астам адам жүгінген. Орталықтағы өзге субъектілер 25 мыңнан астам адамның мәселесін шешуге көмек қолын созған. Келушілердің бір легіне тегін қорғаушылар, медиаторлар мен психологтар көмек көрсеткен. Орталықтың түпкілікті мақсаты наразы азаматтардың өтініштерін сапалы әрі ашық қарау, - делінген хабарламада. 

Бір айта кетерлігі, арызданушылардың арасында Алматы, Нұр-Сұлтан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары көш бастап тұр. Әділдік іздеп келген азаматтар көбінесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарына шағымданып, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот шешімдеріне наразылық білдіреді. Одан кейінгі орында үлескерлер мен ипотекалық қарыздары бар азаматтардың мәселелері тұр. 

Бас прокуратураға зор сенім артып, мұң-мұқтажын арқалай келген жұртшылыққа барлық жағдай жасалған. Электронды, бейнежазба түрінде де шағым жасаушылардың қатары артып келеді.

Өзгелердің жаңалығы