2027 жылдан бастап Қазақстанда жекелеген әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілі өзгереді. Алайда бұл әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тоқтатылады дегенді білдірмейді. Әлеуметтік төлемдердің негізгі түрлері толық көлемде сақталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, отбасының әл-ауқат деңгейіне қарамастан, жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен қарт азаматтарға арналған тиісті жәрдемақылар бұрынғыдай төленеді.
Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін өзге де қолдау түрлері сақталады. Олардың қатарында:
- бала тууына және бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақылар;
- көпбалалы отбасыларға;
- мүгедектігі бар адамдарға;
- асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін төлемдер;
- сондай-ақ заңда көзделген басқа да жәрдемақылар бар.
Сонымен қатар жекелеген төлемдерді тағайындау кезінде атаулы көмек қағидаты күшейтіледі. Яғни, әлеуметтік қолдау көрсету барысында отбасының нақты материалдық жағдайы ескеріледі.
Негізгі қағида өзгермейді - көмек оған шынымен мұқтаж азаматтарға жетуі тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін АӘК алу қиындай ма? 2027 жылдан бастап не өзгеретіні хабарланды.