2027 жылы Астанада 7 спорт түрінен әлем чемпионаты өтеді

 Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы 13 Қараша 2026, 03:25
13 Қараша 2026, 03:25
145
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы
 
2027 жылы Астанада жасөспірімдер арасында спорттың жеті түрінен әлем біріншілігін өткізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында шорт-трек, бокс, үстел теннисі, дзюдо, джиу-джитсу, таеквондо және киберспорт бар. Бұл туралы Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит мәлімдеді.

Оның айтуынша, елорда халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу тәжірибесін жинақтап, спорттық инфрақұрылымын дамытуда.

2026 жылы Астанада жүзуден Әлем кубогының кезеңі, көркем гимнастикадан ALEM CUP, би спортынан әлем чемпионаты және күрестен әлем біріншілігі сияқты ірі жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін World Taekwondo Grand Prix Final, ат спортынан Еуразия лигасының Әлем кубогы финалы және голболдан әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.

Қалада кәсіби спортпен қатар, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта елордада 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам бала спорттың 51 түрімен айналысады.

Бұқаралық спортты дамыту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Өзіңнен баста», «Aula Fit», Street Workout, йога және скандинавиялық жүріс сабақтары бар. Бұл бастамалар қала тұрғындарына тегін ұсынылады.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат – спортты тұрғындар үшін қолжетімді етіп, балалардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасау.

Наверх