2026 жылы бала туған кезде қандай жәрдемақылар төленеді?

Бала туған кезде ата-аналарға біржолғы және ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады.

17 Тамыз 2026, 17:53
АВТОР
 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 17 Тамыз 2026, 17:53
17 Тамыз 2026, 17:53
229
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстанда бала дүниеге келген кезде ата-аналарға біржолғы және ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар қарастырылған. Төлем мөлшері баланың туу кезегіне және ата-ананың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуына байланысты.

Бала туған кезде ең алдымен бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

2026 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі әр балаға 272 475 теңге беріледі.

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны кімдер алады?

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын ата-аналарға бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Бұл төлем бала 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі.

Жәрдемақы мөлшері баланың отбасындағы туу кезегіне байланысты:

  • бірінші балаға – 24 912 теңге;
  • екінші балаға – 29 454 теңге;
  • үшінші балаға – 33 952 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 493 теңге.

Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?

Қазіргі таңда жәрдемақыны екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы проактивті түрде рәсімдеуге болады.

Балаңыздың тууы тіркелгеннен кейін 1414 нөмірінен SMS келеді. Хабарламадағы қажетті мәліметтерді растап, банк шотыңызды көрсету жеткілікті.

Егер 1414 нөмірінен хабарлама келмесе, жәрдемақыға өтінішті eGov, eGov Mobile немесе «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы беруге болады.

Айта кетейік, Қазақстанда жасанды интеллект жәрдемақыны кімге тағайындау керегін өзі анықтайды. ЖИ атаулы әлеуметтік көмек пен мүгедектік тобын белгілеу кезінде деректерді талдап, шешім жобасын қалыптастыруға көмектеседі. Кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі екі күннен 10 минутқа дейін қысқарған.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандықтар қандай қызметтер мен жәрдемақыларды онлайн ала алады? 

Наверх